Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, атап айтқанда, көлік прокурорларының жыл сайынғы тексерулер барысында, аэродромның айналасында қоршаулардың жоқтығы, ұшу-қону жолының жағдайының нашарлығы, авиация қауіпсіздігі қызметі басшысының болмауы, барының Азаматтық авиация комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының тиісті мақұлдауынан өтпеуі және тағы басқа заң бұзушылықтар анықталды.
Мәселен, «Халықаралық Астана әуежайы» акционерлік қоғамының кәсіпорнының тіршілігін қамтамасыз ететін негізгі қызметтері тексерілді. Нәтижесінде, іздестіруді және апаттан құтқаруды қамтамасыз ететін қызметтерде қызметкерлер мен апаттан құтқару жабдықтардың жеткіліксіздігі, кепілге алынған немесе ауру жұқтырған жолаушылары бар әуе кемелерін отырғызуға қажетті карантинді тұрақтың жоқтығы анықталды.
Осы тексеру барысында, сондай-ақ бақылау-рұқсатнама режимін, аэродром аумағына бөтен адамдарды және автокөлік құралдарын жіберу тәртібін бұзу фактілері де анықталды.
Мұндай заң бұзушылықтар Астана, Алматы, Қостанай және Көкшетау қалаларының әуежай қызметтерінде де кездесті.
«Семейавиа» акционерлік қоғамының қарамағындағы Аягөз аэродромның қызметіне жүргізілген прокурорлық тексеру қорытындысы тіпті кісі таңқаларлық. Онда әуежай кешені тіпті жоқ болып шықты.
«Ал авиарейстерге қызмет ету үшін үш адамнан тұратын әуежай қызметкерлеріне Аягөз станциясының теміржол вокзалының ғимаратынан бөлме берілген. Бірақ, авиакассасын және тексеру бөлмесін жалға алу жөнінде келісім-шартқа отырмаған. Өртке қарсы қызмет, рейстерге қызмет ететін жабдықтар мен медициналық қызметкерлері атымен жоқ»,- делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Аэродромның жарамдылық сертификаты талаптарына ешбір сәйкес келмейтіндігі анық көрініп тұр». «Сонымен бірге, уәкілетті органның бұл аэродромға жарамдылық сертификатын беру туралы рұқсатының заңсыз берілгені де анық»,- дейді мекемедегілер.
Прокурорлар республика әуежайларында авиация қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмейтіндігін де анықтады.
Түрлі төтенше жағдайларын алдын алу үшін әуежайлар мен авиакомпаниялардың авиация қауіпсіздігі қызметінің басшыларының тағайындалуы мен босатылуы тек Авиация комитеті мен ұлттық қауіпсіздік органдарының келісімімен ғана жүргізіледі.
Тексеру барысында аталған заңдылық талаптарының орындалуына Комитет ешқандай шара қолданбағаны анықталды.
Мысалы, авиация қауіпсіздігі қызметінің басшылығына үміткерге 2005 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін барлығы 50 авиакомпания мен әуежай келісім сұраған.
Ал, республикамызда бүгінгі күні азаматтық авиациясының 87 субъектісі бар.
Бұл қалған 37 мекемеде авиация қауіпсіздігі қызметі басшыларының мүлдем жоқтығын немесе бұл қызметке үміткерлер Азаматтық авиация комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің келісімінсіз тағайындалғанын білдірсе керек.
Бұл қызметке уәкілетті органдардың келісімінсіз тағайындау авиацияға, тіпті ұлттық қаупсіздікке қауіп келтіретін өрескел заң бұзушылық болып табылады. Бірақ, Комитет уәкілетті орган ретінде мұндай заң бұзушылықтарды алдын алу және жою жөнінде ешқандай шаралар қабылдамай отыр.
Мысалы, өткен жылы мамыр айында Комитеттің қызметкерлерінің өздері жасаған «Жезқазған-эйр» авиакомпаниясы» акционерлік қоғамын тексерудің инспектрлік актісінде осы мекеменің авиация қауіпсіздігі жөніндегі вице-президентінің Азаматтық авиация комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің келісімінсіз қызметке тағайындалғаны атап көрсетілген. Алайда авиакомпания жылдың аяғына дейін тағайындау туралы келісімге ешбір өтініш бермеген, ал Комитет болса оған өкілетті бола тұра акционерлік қоғамға қатысты ешқандай әкімшілік шара қолданбаған.
Комитеттің 2003 жылдан бастап 2007 жылға дейінгі ұшу қауіпсіздігінің жағдайына жүргізген талдау соңғы жылдары Қазақстан Республикасының әуе кемелерінің қатысуымен болған авиациялық оқиғалар санының төмендегенін көрсетеді.
Бірақ, прокурорлар тексеру барысында авиациялық оқиғаларды есептен жасыру фактілерін анықтап, бұған кереғар жағдайда анықтады.
Мысалы, 2007 жылдың 13 сәуірінде «Шығыс Қазақстан облысының авиациялық құрылымы» кәсіпорнының Як-40 ұшағы Астана әуежайында қону кезінде ұшу-қону жолағынан шығып кеткен. Қызметтік тексеру бұл жағдайды қауіпті оқиға деп таныса да, бірақ ол есепке қойылмаған.
Сонымен қатар, 2007 жылдың сәуір және қазан айларында Алматы және Атырау әуежайларында AIRBUS кемесімен болған мұндай әуе оқиғалары да есепке алынбаған.
Нақтырақ айта кетсек, өткен жылы Қазақстан Республикасының әуе кемелерімен 18 авиациялық оқиға болды, яғни бұл 2006 жылмен (15 оқиға) салыстырғанда бұл оқиғаларды дұрыс есепке алынбағанын және ұшу қауіпсіздігінің жағдайы нашарлап кеткенін көрсетеді.
Сонымен бірге, Комитеттің талдауында шетел мемлекеттерінің аймағында Қазақстанның ұшақтарымен болған ең аз дегенде 6 авиациалық оқиға есепке алынбаған.
Мысалы, 2007 жылдың ақпан айында Женева (Швейцария) әуежайының Әуе қозғалысы басқармасының жауапкершілік аймағында ТУ-154М ұшағы Алжирдің көлік ұшағымен қауіпті жағдайда жанасып өткен. Бұл оқиғаны Комитет тексеріп, оны өздері авиациялық оқиға деп бағаласа да, ол есепке алынбаған.
Сонымен қатар, тексеру барысында азаматтық авиация объектіріне жақын орналасқан жерде ұшу қауіпсіздігіне қауіп-қатер келтіретін тұрғын және өндіріс ғимараттарын салу, әуежайлардың қасында жер телімдерін бөлу сияқты заң бұзушылықтар анықталды.
Мысалы, Ақтөбе әкімшілігінің қаулысы бойынша қалалық аэродромның қасында жеке тұрғын үй салу үшін 100 мың шаршы метр жер телімі берілген. Бұл учаскіге иелік құқығы Зобенко деген азаматқа Комитеттің рұқсатынсыз берілген. Бұл ретте әкімшілік аталған учаскіде салынған кез-келген құрылыс әуе кемелердің ұшуына және келешек тұрғындарға қауіп-қатер келтіретінін есептемеген.
Келесі мысал: Қала басшылары бөлген Алматы қаласының әуежайына жақын орналасқан жер учаскесінде жеке кәсіпкер биіктігі 17 метр қонақ үй салып тастаған.
«Қазәуежоба» қорытындысы бойынша ғимараттың биіктігі тиісті ұшу биіктігінен бір жарым метрге, ал ақпараттық мөлшерден — 5 метрге асып кеткен.
«Қала салу, қала және ауыл мекендерін жоспарлау және салу» құрылыс нормасы және тәртібіне сәйкес, аэродромдардың әуе жолдарының шекраларында, сонымен қатар аэродромның бақылау нүктесінен 10 шақырым радиуысында барлық объектілерді орналастыру тиісті келісімнен өту қажет.
Республикамыздың көптеген қалаларында осы құрылыс тәртібінің талаптарын бұзу фактілері анықталды. Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Атырау және Өскемен аэродромдарының бақылау нүктесінен 10 шақырым жерлерде Комитеттің рұқсатынсыз және ұшу қауіпсіздігінің қауіп дәрежесінің анықтауынсыз тіпті тұтас елді мекендер мен шағын аудандар салынып кеткен.
Тексеру бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын тиісінше орындамау фактілері де анықталды.
Үкіметтің арнайы қаулысымен 2006 жылдың 30 маусымда 2006-2008 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Азаматтық авиациясы саласын дамыту бағдарламасы бекітілгені белгілі.
Осы бағдарлама тармақтарының екеуі іске асырылмаған. Оның ішінде, құрылған «Мемлекеттік авиациялық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бір де бір ұшқышты оқытпаған, бұл мақсатқа 2006 жылы 100 млн теңге бөлінген.
Тексеру барысында мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шарттарды тиісінше орындамау фактілері анықталды.
Комитет «Республикалық және жергілікті бюджетті орындау тәртібін» бұза отырып, алыс-беріс актісіне қол қойылмай және жабдықтарды жеткізілмей жатып төлем шоттарына қол қойған. Осылайша Астана қаласының Қазынашылық органы арқылы жабдықтарды жеткізуші»Advanced Technologies» жаупкершілігі шектеулі серіктестігінің шотына келісім-шарт бойынша көрсетілген барлық 241 млн теңге қаржы аударылып жіберілген.
Былайша айтқанда салық төлеушілердің ақшасы кепілді құжаттары жоқ беймәлім тауарлар үшін төленіп кеткен.
Прокурорлық тексеру нәтижесі бойынша Комитет пен республикамыздың әуежайлары қызметінде әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету заңдылығын қолдануында көптеген заң бұзушылықтар, сонымен қатар уәкілетті органның бақылау және қадағалаудың жүйелі ұйымдастырудың жоқтығы анықталды. Сонымен қатар, Комитет пен «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының арасындағы әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат беру кезіндегі өкілеттіктерінің нақты аражігі анықталмаған.
Сонымен қатар, азаматтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заңдылықтың бұзылуына азаматтық авиация саласындағы заң актілерінің жетілдірілмегендігі де кері әсерін тигізетіні анық.
Осыған байланысты, ҚР Бас прокуратурасы ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтің және Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитенінің төрағасы М.Қубаевтың атына аталған заң бұзушылықтарға жол ашатын мәселелердің себеп-салдарын жою туралы ұсыныс енгізді.
Жақында Бас прокуратура өз ұсынысына жауап алды, онда Азаматтық авиация комитетінің барлық заң бұзушылықтарды мойындап, оны жою жөнінде шаралар қабылданып жатқаны айтылған.
Атап айтқанда, 2008 жылы 23 сәуірде Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушы А.Бектұров бекіткен Бас прокуратура ұсынысында аталған заң бұзушылықтарды жою бойынша шаралар жоспары жасалған.
Бүгінгі күні қолданыстағы заңдылықтың бұзылуына жол жібергені үшін Азаматтық авиация комитетінің Әуежайлар мен авиакомпаниялар басқармасының басшысы Г.Сыртлағанов, Мемлекеттік авиақадағалау басқармасының басшысы А.Жолдыбаев және Комитеттің бас сарапшысы О.Авдеев тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті