Бас прокуратураның ескертпесіне Қызылорданың тергеу органдары мен соты пысқырмай отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бас прокуратураның ескертпесіне Қызылорданың тергеу органдары мен соты пысқырмай отыр

Бас прокуратураның ескертпесіне Қызылорданың тергеу органдары мен соты пысқырмай отыр

Белгілі заңгер Ләззат Кендебайқызы сотты болған Қызылорданың экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовтың ісіне қатысты Бас прокуратураның ескертпесіне жергілікті тергеу органдары мен сотының мән бермей отырғанын жазды. 

  • 26 Қаңтар 2021
  • 1541
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Ләззат Ахатова  facebook-тегі жеке парақшасында жазды.

"Былтырғы желтоқсан айының басында Қызыорданың экс-әкімі Қ.Ысқақов пен орынбасарларына сот үкімі шықты. Экс-әкім қазіргі кезде “сәнге” айналған қылмыстық кодекстің 190-шы бабының 2 бөлімінің 4 бөлігімен, яғни «алаяқық» бабымен 7 жылға сотталды.

Сегіз баланың әкесі, білікті маман, ауған соғысының ардагері, ел азаматы Қуаныш Ысқақов 7 жыл «арқалайтындай» не бүлдірді?

Кімді алдады, қандай алаяқтық жасады?

Тағылған айып – «80 млн теңге жымқырды-мыс».

Бұл 80 млн теңге қайдан шықты? Соған тоқталсақ:

2019 жылғы Арыстағы апатты бәріміз білеміз. Сол апат болған аймаққа, яғни Арыс оқиғасынан зардап шеккендерге сол кездегі облыс әкімінің барлық мекемелердегі жұмыскерлердің бір күндік жалақысы аудару туралы «Сыр мейірімі» қайырымдылық қоры құрылтайшылары 25.06.2019 жылы шешім қабылдайды.

25 маусымда бұл шешім шыққан кезде Қ.Ысқақов облыс әкімі емес, оның орынбасары қызметін атқарған. Қызылорда облысы әкімі қызметіне Қ.Ысқақов содан үш күннен соң, 28.06.2019 жылы тағайындалады. Яғни, 25 маусымда өз әріптестеріне, облыс әкімі орынбасарларына ондай тапсырма беруге өкілеттігі болмаған.

Алайда облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов тергеуге, сотқа берген көрсетпесінде: “Қ.Ысқақовтың тапсырмасымен облыстағы 2000-нан астам мемлекеттік қызметкерлердің бір күндік жалақысы “Сыр мейрімі” қоғамдық қорына аударылды”,-деген. Бұл көрсетпе ешқандай шындыққа жанаспайтыны — іске тіркелген 25.06. 2019 жылғы жиналыс хаттамасымен дәлелденеді. Ол жиналыста бұл мәселені қозғаған, яғни, жиналған ақшаны тікелей Арысқа емес, аталмыш қорға аударуды Р.Рүстемов мырзаның өзі ұсынғаны туралы анық жазылған! Сонымен қатар, ол факт куәгерлердің көрсетпелерімен де қуатталады.

Қылмыстық іс қозғалып, облыс әкімін орынбасарларымен қоса, 7 жылға соттауға басты негіз болған “қылмыс” осы оқиғадан арқау алып, ары қарай өрбиді.

20.04.2020 жылғы «Багам Аудит» аудиторлық компаниясының нақты қорытындылар туралы есебімен, 06.05.2020 жылғы №908 сот-экономикалық сараптама қорытындысымен «Сыр Мейірімі» Қорынан 4 кәсіпорынға аударылған қаражаттың Қызылорда облысы атынан Түркістан қаласында салынған «Шығыс моншасының» құрылысына жұмсалғандығы нақты анықталған.

Тергеу амалдары мен сот процесі басталған сәттен бастап, іске қатысты қай куәдан жауап алынса да, Қуанышбек Ысқақов тарапынан ешқандай тапсырма болмағандығы дәлелденді. Есесіне, олардың барлығы да мұндай заңсыз тапсырма бұрынғы облыстық құрылыс басқармасының басшысы М.Алсериковтен түскендігін көрсетті.


Ал М.Алсериков сот процесі аяқталамын дегенше қызметінен кетіп қалған.

Қылмыстық іске тартылған басқа да тұлғалар тергеу және сот процесі кезінде берген жауаптарын сан мәрте өзгерткен.

Мәселен, облыс әкімінің сол кездегі орынбасарлары Р.Рүстемов, М.Делмұханов, бұрынғы құрылыс басқармасының басшысы М.Алсериков, кәсіпкер Ж.Искаков болған жағдайды «белгісіз себептерге байланысты» нақты баяндаудан жалтарып, жауаптарын сан мәрте өзгерткенін іс құжаттарынан көруге болады..

Қ.Ысқақов өзінің кінәсіздігін объективті дәлелдердің жиынтығымен дәлелдеген сайын, іске куә ретінде қатысушылар өздерінің берген жауаптарын бірден өзгертіп жіберетіндері, ал тергеу органы олардың жүйесіз және тұрақсыз көрсетімдеріне бүкіл қылмыстық істің схемасын ыңғайлап келтіріп отырғандары іс материалдарында анық көрініп тұр. Іс бойынша тағы бір маңызды мәселеге мән берілмей қалған.

ҚР Бас прокуратурасының 22 маусымдағы істі қосымша тергеуге жіберу туралы қаулысының 9-ші пунктінде “25.06.2019 ж.қайрымдылық қорға ақша жинау мәселесіне Қ.Ысқақовтың қатыстылығын анықтау қажет”-деген ескертпесіне тергеу органы Ысқақовтың бұл мәселеге қатыстылығы бар-жоғын анықтамаған. Тіпті, оған сот тарапынан да баға берілмеген! Қор директоры Абдрахимова төрт мекемеге аударған қаржының игерілуін растайтын құжаттарды жазбаша да, ауызша да сұратпағаны түсініксіз.

Оны сот тергеуі барысында үш мекеме басшысы А.Ерназаров, С.Садықов, Р.Иманова да толығымен растайды. Яғни Абдрахимова өзі ақымақтықпен не басқалай себеппен құжатсыз аудара салған қаражат үшін қорықса да, қор мен төрт мекеме арасында туындаған мәселені азаматтық іс тәртібімен шешу үшін ешқандай әрекет жасамаған. Бұл мәселеге тергеу орындары да, сот та назар аудармай отыр!",- деп жазды заңгер Ләззат Кендебайқызы