Үстіміздегі жылы Алаш арыстары — Шәкәрім Құдайбердиевтің, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың толық ақталып, халқына қайта оралғандарына ширек ғасыр толады. Кезінде олардың әдеби мұраларын зерттеумен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы комиссиясы айналысқан болатын. Ал бұл комиссияны белгілі қоғам қайраткері, академик Жабайхан Әбділдин басқарған еді. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі санында қоғам қайраткерімен өрбіген сұхбат «Алаш арыстары қалай ақталды?» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Атыс-шабысқа, қуғын-сүргінге толы болған жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ халқы небір асыл ұлдарынан айырылып қалғаны тарихтан белгілі. Сол кезде елді үрей биледі. Зорлық-зомбылық елесі қазақтың кең даласын бертін де кезіп жүрді. Дегенмен, халық Шәкәрім, Мағжан, Міржақып, Ахмет, Жүсіпбек сияқты ұлы адамдарын ұмытқан жоқ. Олардың өлеңдері мен поэмаларын жаттап алып, айтып жүрді. Көбіне халық шығармасы дейтін. Сол жүректерді баураған жырлардың шын авторлары кімдер екенін, мүмкін, жастар жағы білмеген шығар, ал, үлкендердің іштері сезетін», — дей келе, бес арысты ақтап алу жолында көрген қиыншылықтарын кеңінен әңгімелеп берген.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында ақын Олжас Сүлейменовпен арадағы сұхбат «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деген тақырыппен жарық көрді. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ақын «Қазақстан үшін басты қауіп не?» деген сауалға: «Ең басты қауіп — жемқорлық. Бізде ағаш өңдеу саласы әлдеқашан ұмыт қалса да жемқорлық арасының дауысы бұрыш-бұрыштан естіледі. Мемлекеттік деңгейде де, ұжымдық деңгейде де. Бюджетті жан-жақтан кескілеп, аралап жатыр. Алтын ұнтақтары шенеуніктердің қалтасын ғана емес, офшорларда қазаққа тиісілі тесіктердің бірін толтырып жатыр», — дейді.