Жарияланды: 580

Баспанадан тарыққан жетім бүйрегін саудаға салып жатыр

Қарағанды облысында күнкөрістен тарыққан жетім бала бүйрегін саудалап жатыр. 20 жастағы жігіт одан түскен қаражатқа баспана сатып алмақшы. Себебі өзі секілді тұл жетім әйелі мен 3 жасар баласын жетектеп, жәрдем сұрап қақпаған есігі қалмаған.

Евгений күндегі әдетінше интернет клубқа бара жатыр. “Бүйрек сатам” деп жарнама бергелі, осында кеп түсетін ұсыныстарды қарайды. Айтуынша шетелден 100 мың долларға дейін берем дегендер болған. Бірақ жас жігіт ота жасау үшін шетелге шығуға жүрексінеді. 

Евгений Гребеньков:

- Қазақстаннан да ұсыныстар түскен. Бірақ шетелге бара алмаймын, кім білсін мені не күтіп тұрғанын. Бұл қадамға тығырыққа тірелгеннен соң барып тұрмын. Өзім танитын балалар үйінен шыққан 30-дай бала осындай күйде, қаңғырып жүр. Олардың арасында мен сиякты бүйрегін сатам деген бір жігіт бар.

Бүйректі саудалаған бозбала Қарағандыдағы балалар үйіне Абай қаласынан алынған. Кәмелет жасына жеткенде туған жеріне келіп, өзі тағдырлас қызбен бас қосып, балалы болды. Қазір аядай пәтерде айналуға мұрша жоқ. Абай қаласына тіркеуге тұра алмаған, тіркеу болмағасын баспана кезегіне де маңайлатпапты оны. Прокуратурадан да қайыр болмаған.

Евгений Гребеньков:

- Бармаған жерім қалмады. Қай жер болмасын жетімдігімді басына ма, кеудемнен итеріп шығарып жібереді. Отбасын асырауға қанша тырыссам да жеткізе  алмаймын. Үкіметтен қайыр жоқ. Біреудің ала жібін аттағанша, мәселемді осындай жолмен шешуден басқа амалым қалмады.

Бала құқығын қорғайтын мамандар Евгенийдің әу бастан-ақ қамқорлық жасау органдарына хабарласпағанын алға тартады. Әйтпегенде -мыс, далада қалдырмас еді оны.

Наталья Королева, Қарағанды облыстық бала құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы:

- Ол кабинеттерді шатастырып алған. Өзі шыққан «Таңшолпан»  балалар үйіне немесе қамқорлық жасау органдарына келуі керек еді. Онда жағдай басқаша болып, бүйрегін саудаға салмас еді.

Мүшені саудалау заңға қайшы және медициналық тұрғыдан оңай шаруа емес. Енді балалар құқығын қорғау ұйымы Евгенийді бала-шағасымен Қарағандыдағы жастар орталығы жатақханасына уақытша орналастырамыз, тіркеуге де аламыз деп ант су ішті. Уәделерінде тұрса, баспананы аңсаған бала Абай қаласында үй  кезегінде тұрған 70-тен аса жетімектен кейін тізімге ілінеді екен. Егер оған дейін бүйрек сатылып кетпесе.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін