«Ғаламдық жаһандану арқылы адамзаттың алдынан жаңа постидеологиялық кезең ашылды. Оның бізге не берері бүгінгі ұрпақтың білім мен білігіне байланысты.
Менің пайымдауымша, күллі әлем үшін ашық та айқын ақпарат таратуға негізделген жаңа заманға бастайтын жаһандану БАҚ-тарға қойылатын талапты күшейте түсті. Сондықтан олар өздерінің әрбір сөзі үшін моральдық жауапкершілікті терең сезінуі керек»,- деді Н.Назарбаев.
Елбасының пайымдауынша, «сөз бостандығы шексіз емес. Ол табындыратын ғана емес, талқандайтын да қуатты күш.Ол саясатты жасап қана қоймайды, сонымен бірге ел тағдырына ықпал ететін қоғамдық пікір мен қалың бұқараның санасын да сомдайды. Сондықтан сөз бостандығы дегенді журналистік ар-ұждан жауапкершілігі деп те танығандарыңыз жөн».
«Тәуелсіз БАҚ дегеніміз — аса қымбат құндылық. Сондықтан ол ешқашан «ақпараттық соғыстардың» «сойылына» айналмауға тиіс. Журналист қандай мәселені қаузаса да парасат шеңберінен шықпауы керек.
Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы, экономикадағы және іскер топтардағы күштердің ара салмағын да айқындайтын құрал. Газеттер жеке тұлғалар мен корпорациялардың иелігінде болса да, сөз бостандығы тек халықтың құзырында екенін еш уақытта естен шығармаған жөн»,- деп мәлімдеді Н.Назарбаев.
Әсіресе, бұл мәселе Еуразия құрылығының бірқатар елдерінде кейінгі кездері орын алған оқиғалар тұсында ерекше мәнге ие бола түсті. Мен Грузиядағы, Украинадағы және өзімізбен іргелес Қырғызстандағы оқиғалар туралы айтып тұрмын,- деді ол.
«Біз салмақты ой түйе білетін адамдар ретінде ойланатын болсақ сол оқиғалардың түпкі себептерін жақсы түсінеміз. Олар кейбіреулер айтып жүргендей әлдеқандай сырт күштердің сұрқиялылығынан емес, керісінше ішкі дамудың қиындықтарынан туындаған себептер деп есептеймін».
Елбасының пайымдауынша, «даму стратегиясы мен экономикалық реформалардың нақты нәтиже бермеуінен пайда болған кедейшілік пен жұмыссыздық адамдардың билікке деген ашу-ызасы мен наразылығын туғызды».
«Қазақтың кемеңгер ақыны Абай айтқандай: «Кедей көп болса, ақысы кем болар еді… Мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, әуелде ішімізбен қастастық. Әрі-беріден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын деп қызметке болыстық, билікке таластық». Байыптап қарасаңыздар, кейбіреулердің бүгінгі жасап жүрген тірлігі осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын данышпан Абай айтқан осы халден айнымайтын сияқты. Халықаралық терроризм мен экстремизм тәрізді зұлымдықтың түп-тамыры да тура осындай кедейшілік пен талас-тартыстан туындап жатқан жоқ па?»,- деді президент.
«Жарқын бейнесі ұлттық теңгемізде әдіптелген Отырардан шыққан ұлы бабамыз,философ Әбу Насыр Әл-Фараби өзінің «Ізгілікті қала тұрғындарының игілікті ұстындары туралы» әйгілі трактатында: «Ізгілікті халықтың арасында өзара татулық пен келісім орнығуы үшін тәртіп пен береке-бірлік қажет. Сонда бүкіл жер бетіне шапағат нұры шашылып, адамдар бір біріне бақытқа жету жолында көмек қолын созатын болады» деген екен».
«Журналистер елдер мен халықтар арасын жалғастыратын жарқын кәсіп иелері болым есептеледі. Ендеше Сіздер Шығыстың ұлы ұстазы осыдан мың жыл бұрын үндеген татулық пен келісім мұратына қызмет ететін боласыздар дегенге сенгім келеді»,- деп қорытты өз сөзін Елбасы.