Жарияланды: 600

«Басым халық ұстанатын дінге басымдық беруге қарсылар да бар екен»-республикалық басылымдарға шолу

Әлімсақтан бастау алған тура бидің төрелігіне бас ию, әділдікке қол жеткізу ата-бабадан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгілікті сенім. Сенім бар жерде үміт шоғы сөнбейді. Ал сот билігіне сенімді жоғалту жалпы билікке күмән келтірумен бірдей. Сондықтан да Мемлекет басшысы сотқа деген сенім - мемлекетке деген сенім екендігін айтқан болатын. Сот жүйесі өзгеруде, Жоғарғы Сот аппараты жаңадан құрылу үстінде. Бұрынғы төрелік ету құрылымдары

толықтырылуда. Өйткені, осы кезге дейін бірқатар мәселелер елеусіз қалған еді. Міне, сондай іргелі жаңалықтарға байланысты «Егемен Қазақстан» газеті Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаровпен алда тұрған жаңа міндеттер жөнінде сұхбат жариялады. Екеуара әңгіме «Сотқа деген халық сенімін нығайту - басты мақсатымның бірі» деген тақырыппен берілген. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында саяжай, бау-бақша және қосалқы шаруашылықтарды дамытудың 2011-2014 жылдарға арналған шаралар кешені қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков таныстырған шаралар кешені саяжай кооперативтерін же­ңілдікпен қаржыландыру үшін әр облысқа әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арқылы 50 миллион теңгеден бөлуді көздейді. Со­нымен қатар саяжайшылар­дың арнаулы техникалар сатып алуы шағын несиелермен қам­ту­ға әр облысқа 20 миллион теңге­ден қаржы бөлу қарастырылып отыр. *** «Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиевпен арадағы сұхбат «Батыс Еуропа - Батыс Қытай дәлізі секілді мега-жобалар отандық мамандарды жаңа сапалық деңгейге көтереді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген министр: «Барша Алаш үшін ең қастерлі ұғым Тәуелсіздік екені күмәнсіз ақиқат. Биыл - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы. Ең алдымен, мемлекетіміздің іргесі мәңгі бүтін болса деп тілеймін», - депті. Екеуара әңгіменің толық нұсқасын басылымның бейсенбілік санынан оқи аласыздар. «Кеше Мәжіліс өзінің осы сессиядағы соңғы отырысын өткізді. Соңғы отырыстың жүгі де өзіне сай болған тәрізді. Алдымен күн тәртібі үшін біршама қырқысқан депутаттар көрші елдердегідей жұдырықтасуға бармаса да, ауызға келгендерін айтып қалысты. Абырой болғанда, төбеде отырған төраға Орал Мұхамеджановтың араласуымен ғана іс насырға шаппай қалғандай болды», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Осылайша, күн тәртібінің өзі қызықты басталған Мәжілістің кешегі отырысы турасында мол мағлұмат алғыңыз келсе, басылымдағы «Басым халық ұстанатын дінге басымдық беруге қарсылар да бар екен» деген тақырыпқа назар аударыңыз. *** Соңғы кездері «Қытай экспансиясы Қазақстанға қауіп төндіруде» деген сыңайлы пікірлер бұқара­лық ақпарат құралдарында жиі айтылатын болды. Бұрын да мұндай пікірді еститінбіз, бірақ анда-санда бір еститіндіктен бе, оған онша көңіл бөле қоймайтын едік. Тіпті осы соңғы кезде бұрын қазақ газеттері ғана сөз ететін осынау тақырыпқа орыстілді басылымдар да ой толғай бастапты. Осыған орай «Айқын» газеті жұртты ерекше елеңдетіп отырған тақырыпқа шолу жасап, бас тақырыпқа алынған «Түсінбестіктің төркіні неде?» деген сұраққа «иә», «жоқ» және «не істеу керек?» деген ретпен жауап берген. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қолдауымен «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қоры мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту ретінде «Елбасы және мемлекеттік тіл» атты жинақтың тұсауын кесті», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, кітапқа Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрын-соңды жарияланбаған қазақ тіліндегі шы­ғармалары мен айтқан сөздері және елі­міздің 20 жыл ішіндегі мемлекеттік тіл сая­са­тының негізгі бағыттарын танытатын құ­жаттар енген. Сонымен қатар жинаққа ҚР Тұңғыш Президентінің мемлекеттік тіл туралы ойлары, оның басшылығымен қа­был­данған заңдар мен бағдарламалар, әртүрлі басқосуларда жасаған баяндамалары, Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында тілге қатысты айтқан ұсы­ныс­тары мен пікірлері топтастырылған. *** «Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассам­блея­сының (ЕКПА) төр­аға­сы Мевлют Чаву­ш­оғлымен кездесті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ЕКПА-ның жай-күйі мен ынтымақтастығының келешегін талқылады. «Біз Қазақстанмен өте жақ­сы ынтымақтастықтамыз. Бірнеше жыл бұрын біздің ара­мызда ын­ты­мақтастық туралы шартқа қол қойылған. Қазақ­стан Парламенті біздің сес­сия­мызға қатысып тұ­ра­ды. Біз бірлескен ірі іс-ша­раларға қаты­са­мыз. Біз жемісті қатынастары­мызды қалыптас­ты­руы­мыз керек», - деп атап өткен М.Чавушоғлы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін