Бұл туралы табақтағы еттен дәм татқан журналист Жолымбет Мәкіш жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Өміржан досым астанада дәм ауыз тиіп кет деп қонаққа шақырды. Ет асып қойыпты. Бір кезде ағаштан жасалған ескілеу ет табақты көтеріп кірді. Бұл табақ – атасы Көпбосынның анасы – бәрі сыртынан «шеше» деп атап кеткен Ағымжаннан қалған ескі зат екен. Ал, Ағымжан – Арқадағы тамалардың соңғы болысы, биі болған Сүйіндіков Әлі деген кісінің жұбайы болып шықты. 1928 жылы Әлі де кәмпескеге ілініп, өзін Әулиеатаға апарып қамайды. Кейін жігіттер ебін тауып оны абақтыдан алып шығыпты да, Созақ көтерілісіне барып қатысып, содан қайтып оралмаған екен. Әлекең кезінде алашордалықтармен тығыз байланыста болып, олар талай рет сол өңірдегі сыйлы адам ретінде үйіне кеп түсіпті. Мына табақ — Міржақып Дулатов, Әлкей Марғұлан сияқты Алаш арыстарының көбі дәм татқан, солардың аузы тиген, қолы тиген табақ болып шықты. «Бісміллә!» деп, араға қаншама жылдар салып барып алғаш рет тамақ салу үшін бүгін ғана сандықтан алып шығыпты. Басында ет толы табаққа қол созуға аздап жүрексініп отыр едім, Алаш арыстарынан кейін табақтан дәм ауыз тисек жаман болмаспыз деп ырымдап, «Бісміллә!» деп бірінші болып бастадым!",- деп жазды Жолымбет Мәкіш.