деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Деректі фильм ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырмасы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ киностудиясында түсірілген. Фильмді түсіруге «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев, Баукеңнің ұлы мен келіні — жазушы Бақытжан Момышұлы мен тарихшы Зейнеп Ахметова, Тараз қаласындағы «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының мамандары, Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Бақытбек Смағұл, профессор, полковник Ким Серікбаев және т. б. қолдау білдірген.
«Фильмді жасауда халықтың жадында сақталып қалған ұлы тұлға туралы тарихи деректер өте көп болды. Алматыда Баукеңнің қара шаңырағы бар. Қазір онда ұлы мен келіні тұрады. Сол сияқты әр жерде халықтың есінде қаншама естеліктер бар. Бұдан бұрынғы КСРО кезінде Баукең туралы тек соғыс ардагері ретінде фильм түсіріліп келген болса, бұл фильмде ол кісіні Алаш зиялысы ретінде, ұлттың ұлы тұлғаларының бірі ретінде көрсетуге тырыстық», дейді Қ. Омаров.
Түсіру жұмыстары 6 айда Алматы, Тараз, Шымкент, Мәскеу және т. б. қалаларында жүргізілген. Ұзақтығы 30 минут. Фильмде Бауыржан Момышұлының балалық шағынан бастап, оның егде тартқан шағына дейін және ұлы адамның отбасы мен ішкі болмысы, жан-дүние әлемі суреттеледі. Туынды әлі еш жерде жарияланбаған тың деректерден құралған.