«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасына жаңа дәліз қосылса, Ұлы Жібек жолы жаңғырар еді - сенатор Е.Мұқаев
Жергілікті жердегі жағдаймен егжей-тегжейлі танысу, Елбасы тапсырмаларына сәйкес үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында өңірге келген халық қалаулыларының бірі, |
Сенат депутаты Ерболат Мұқаев Парламентте атқарылып жатқан сан алуан істер, еліміздегі қат-қабат мәселелер жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне былайша әңгімелеп берді.
-Биылғы 3 қыркүйекте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бесінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті екінші сессиясының ашылуына қатысып, депутаттардың алдына нақты міндеттер қойғаны мәлім, деді Ерболат Рахметұлы. Олар - бюджеттік тәртіпті күшейту, әлеуметтік саланы жаңғырту, заңдық базаны нығайту және мемлекеттік қызметті реформалау. Содан бері Парламент жұмысы қызу жүріп жатыр, оның талқылауынан 23 заң жобасы өтті.
Бюджеттік мәселеге келетін болсақ, расында да, жағдай күрделеніп кеткен екен. Жыл басынан бері 170 млрд. теңгедей бюджет қазанына қаржы түспеген. Біз өз тарапымыздан Қаржы министрлігіне «Бұл қалай?» деп мәселені қабырғасынан қойдық. Бюджеттің түсіміне жауап беретін тиісті мекемелер не істеп отыр, салық неге дұрыс жиналмайды деген сұраулармен ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев мырзаны мазалап, жауап талап еттік. Депутаттардың бұл талаптары аяқсыз қалмады, жұмыс сәл де болса жанданды. Жәмішев мырзаның кейін мәлімдегеніндей, жоғарыдағы айтқан 170 млрд. теңгедей бюджет жетіспеушілігі қысқа мерзімнің ішінде 40 млрд. теңгеге азайған.
Ал әлеуметтік саланы жаңғырту кідіріп немесе тоқтап қалған жоқ, жүріп жатыр. Жалпы, бюджеттің әу бастан әлеуметтік салаға бағыт ұстанатынын халық біліп жүр, көріп жүр. Оған дәлел - елдің жалпы бюджетінің 40 пайыздан астамы әлеуметтік саланың мұқтаждарына, оны нығайтуға жұмсалып келе жатыр. Дәлел үшін алысқа барудың қажеті жоқ, оның жарқын мысалдарын Батыс Қазақстан облысынан да көруге болады. Пайдалануға берілген мектеп, емхана, аурухана, балабақша, спорт кешендері, демалыс орындары деген сияқты нысандар ел игілігіне көптеп көшуде. Салынып жатқаны қаншама, алдағы уақытта олар ашылып, ел игілігіне берілетіні даусыз.
Енді қай салада да болмасын, оның жұмысын жүргізу, қадағалау - бәрі-бәрі заңға келіп тіреледі ғой, яғни біздің сүйенетін заңымыз солқылдақ болмауы керек, заңдық тұғыр мызғымайтын берік болуы қажет. Елбасымыздың бір тапсырмасы да осы. Сондықтан барлық мәселе де заңдастырылып, заң аясында жүруі керек деген сөз. Парламент бұған да мықтап көңіл бөлуде. Келіп түскен заң жобаларын мұқият қарап, талқылап, осал тұстарын түзетіп, ертең өмірлік тәжірибеде бұлтаң-сылтаңы жоқ, мінсіз жұмыс істейтіндей дәрежеге жеткізуіміз керек қой.
Мемлекеттік қызметті модернизациялауға келетін болсақ, бұл жөніндегі заң жобасы Мәжілістің талқылауынан өтіп, Сенатқа келді. Онда біраз өзгеріс бар. Біздер, депутаттар да, өз тарапымыздан көптеген ұсыныс-пікірлерімізді айтудамыз. Соның ішінде конкурстардың жариялылығы қамтамасыз етілуі шарт. Ашық болсын. Оған партия өкілдері, қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері қатыссын. Мысалы, мен өзім мынандай ұсыныс айтып жүрмін. Үміткерге конкурс кезінде бір тақырып беріліп, соған байланысты өзінің ойын, мысалы, бес минуттың ішінде бір бет ақ параққа түсірсін. Иә болмаса сынақ алушылардың алдында олардың тапсырмасы бойынша бір тақырыпта сөйлесін, айталық, бір мәселеге байланысты. Ойын қалай жеткізеді, жүріс-тұрыс, сөйлеу мәнері, тіл байлығы, мұнда мақамына дейін назарға алынуы керек. Әйтпесе «аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен», халықтың алдына шыққанда өзі істейтін саладан ойын ашық, түсінікті, ұғынықты жеткізе алмайтын адамнан қандай мемлекеттік қызметкер шығады. Бұл жерде оның белгілі бір мәселеге байланысты қабылдайтын іскерлік шешімін айтып отырған жоқпын, ол өз алдына ғой. Бүгінде жұрттың алдына шыққанда өз ойын түсінікті жеткізе алатын, іскерлігі сөзінен сезіліп тұратын дегенді айтпағанда, дұрыстап сөйлей алмайтын мемлекеттік қызметкерлерді көріп жүрміз ғой. Кеңес үкіметін жамандағанымызбен, оның пайдалы жақтары көп болды. Өзіміз комсомол, партия қызметкері болдық, олардың мектебінен өттік. Әр түрлі тақырыптарға (шаруашылық, өндірістік, саяси, экономикалық) құжаттар дайындау, баяндама, мерекелік, мерейтойлық сөздер дайындау сияқты жұмыстардың майын ішпегенмен, соған жақындадық десем, артық айтпаспын. Мемлекеттік қызметкер, міне, осылардан мүдірмеуі керек. Мемқызметкерлерді таңдағанда осындай талаптардан ашық, әділ, дұрыс конкурс өткізсе, кадрларды іріктеп, шеттерінен шертіп тұрып таңдап алуға әбден болады. Ел ішінде жүрген іскер азаматтардың қызметке әділ, ашық жолмен келуіне мүмкіндік молаяды.
Соңғы кезде ауыстыру жолымен жұмысқа алу деген көбейіп кеткен, 70 пайызға жақын осындай әдіспен жұмысқа қабылдайды. Қызметке алатын адамын керек конкурстан өткізіп, резервке қояды. Сосын анда-мында ауыстырып, қызметке алады. Ешқандай ашықтық, жариялылық жоқ. Тірегі жоқ, таныстығы жоқ, қолынан жұмыс келетін талай кадрлар шетте қала береді. Мұны қою керек. Конкурс ашық, жариялы болса, мұндай келеңсіздіктерге жол берілмейді.
Биыл 2013-2015 жылға арналған бюджет қабылданды. Оның 40 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталған. Бюджеттің түсімі 1 трл. 380 млн. теңге ұлттық қордан тұрақты ауысып тұрады. Заңды түрде. Ұлттық қорда 85 млрд. доллар ақша бар, мұнайдың ақшасы деп жүрміз. Біз оны көбейтуіміз керек, ол болашақтың ақшасы, келер ұрпаққа қалдыратын. Анау дағдарыстың кезінде (2008-2009 жылдарда) біз одан алдық, дағдарыстан шығып кеттік. Енді ол қайтадан орнына келді. Бұдан былай ұлттық қордан алынатын ақшаның көлемін азайтуымыз керек.
Батыс Қазақстан облысына келсек, әлеуметтік нысандарға бағытталған біраз қаражат бөлінді. Өзім депутат ретінде шешілуіне тікелей мұрындық болған Деркөл-Тасқала-Саратов айналма жолының құрылысы туралы айта кетейін. Бұл көптен бері шешімін таппай келе жатқан еді. Мен қала әкімінің орынбасары болып жүрген 2005 жылы көтеріліп еді. Содан бері айтылып келеді. Әлгі жолға 1 млрд. 82 млн. теңге қаражат керек болатын, соның 400 млн. теңгесі жуырда шешілді. Алдағы көктемде жұмыс қолға алынып кетсе, қалған қаржыны жыл аяғына дейін бөлдіруге депутат ретінде күш саламын.
Бұған дейін депутат ретінде бітірген бір мәселем - Киров-Шежін каналына қатысты. Каналмен ағатын су Жайықтан барып, Оянның тұсынан өтіп, Ақпәтер маңында каналға құйып тұруы керек еді. Бұл жұмыс сонау 80-жылдарда басталған, бірақ бітпей қалған. Бертін келе, Шежін тасығанда, су Сарықұдық ауылының тұсында далаға жайылып, қарым-қатынасқа кедергі келтіретін. Міне, осы каналдың құрылысына қажетті қаржыны бөлуге Үкімет алдына 2009 жылдан бастап мәселе қойып, 2010 жылы шешілуіне қол жеткіздім. Бірақ сол қаржының игерілуіне көңілім толмайды. Жұмыстың жүруін, қаржының игерілуін қатаң бақылауға алу керек. Біз каналдың жұмысын жолға қойсақ, Ресейден су сатып алудан құтылар едік. Өйткені ол жақтан жыл сайын 1 млрд. теңгеге су сатып алып отырмыз.
«Сосын тағы бір жатпай-тұрмай көтеріп келе жатқан мәселем, оны депутат әріптестерім де қолдады, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасына қосылатын «Ырғыз-Шалқар-Бейнеу-Ақтау» дәлізін дамытатын мәселені де қарастыру қажет. Өйткені ол еліміздің батыс аймақтарымен байланысты ғана қамтамасыз етіп қоймайды, сонымен қатар теңіз портына шығады. Кавказ және Таяу Шығыс елдеріне (Иран, Түркия) шығуға мүмкіндік береді. Жоғарыдағы айтқан дәлізді қамтамасыз етсек, Жәнібек, Қазталов, Жалпақтал аудандарын басып өтіп, Чапаевтан (Жайықтың осы тұсынан көпір салынса) Сырым ауданына өтіп, әрі қарай Ақтөбеге шығады. Транзиттік мүмкіндігіміз әлдеқайда жақсарады. Түсініктірек айтсақ, баяғыда үстімізден өткен Ұлы Жібек жолын қайта қалпына келтіреміз. Менің бұл ұсынысым қолдау табатын сияқты. Бұл бағытта ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовке де депутаттық сұрауым жолданды», - деп түйіндеді ойын сенатор.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін