Тараптар 2005-жылдың 15-наурызындағы «Жайықжылуқуаты » АҚ-ның кепілдікке қойған мүлкін сату шарасының күшін жоюға келісті. Осыған байланысты «Нұрбанк» АҚ аукционда Орал жылу электр орталығының мүлкін сатып алған «Зенит» компаниясына ақшасын қайтаруға міндеттеме жүктеп алды. Өз кезегінде «Жайықжылуқуаты» АҚ несиелік келісім-шартқа сәйкес «Нұрбанк» АҚ-ның алдындағы берешегін өтеп, банкке қарсы сотқа берген шағымын қайтарып алады.
«Мұндай келісімге келуге Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігі мен ҚР парламентінің депутаттары тарапынан жағдайды реттеу және Жылу энергетика орталығының әлеуметтік маңызын ескеру негізінде тараптар үшін бірдей тиімді шешімді іздестіруге жасалған қадамдар ықпалын тигізді»,- дейді компаниядағылар.
Сонымен бірге Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігі «құқықтық аядан шықпай, түйінді мәселені талқылауға, әр жаққа бірдей қолайлы шешім қабылдауға әзірлік танытып, мәселеге түсіністікпен қараған «Нұрбанк» АҚ-ның әрекеттерін жоғары бағалауда.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, «Жайықжылуқуаты» АҚ 2003-жылы «Нұрбанк» АҚ-ынан 96,14 млн. теңге және 682,9 мың доллар көлемінде несие алған. Кепілдікке «Жайықжылуқуаты» АҚ-ның құрамына енетін Орал жылу электр орталығының мүлкі қойылды. Несие алушы мүлік кепілдігінің құнын 1 млн. 197 мың 185 теңгеге бағалаған.
2004-жылдың қазан айынан бастап «Жайықжылуқуаты» АҚ несиені өтеу мерзімін кешеуілдете бастауға байланысты «Нұрбанк»АҚ 2005-жылдың 15-наурызында «Жайықжылуқуаты» АҚ-ның кепілдікке қойған мүлкін аукционға шығарып, «Зенит» компаниясына сатып жіберген. Кепілдікке қойылған мүлік 1 млн. 194 мың 230 долларға сатылды.
Қазір Орал жылу электр орталығы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.