Батыс Қазақстан облыстық сотының 80 жылдығына орай тарихи-танымдық кітап жарық көрді
«Оралдағы «Полиграфсервис» ЖШС баспаханасынан «Батыс Қазақстан облыстық соты» атты тарихи-танымдық кітап жарық көрді. |
Кітапты ақын-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманкелді Шахин құрастырды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, кітап Батыс Қазақстан облыстық сотының 80 жылдығына орай шығарылып отыр.
Жаңа кітап Батыс Қазақстандағы сот жүйесінің қалыптасу, даму тарихын зерделеуге арналған. Жаңа туындыда қазіргі заманғы соттың қалыптасуының арғы төркініне, ұлттық ұйысуымыздың даналық қайнары - билер дәстүрінің дәуірлеу заманынан тарих сахнасынан ығыстырылуына дейінгі кезеңдеріне жетелейтін құнды ізденістер бар. Ежелгі дүниеден желі тартқан билік сабақтастығының бодандық, әкімшілік-әміршілдік замандардағы құбылмалы кезеңдерінің мәселелері де қозғалады.
Кеңес үкіметі тұсындағы тарихи құжаттар мен мұрағат қорларындағы деректер негізінде облыстық соттың қалыптасу, даму кезеңдері кітапта тың мәліметтермен сипаталады. Мұнда соттың өткен ғасырдағы Қазан төңкерісінен соңғы әділет халық комиссарларына тікелей бағынышты губерниялық, окургтік сот желісіндегі жай-күйінен бастап, тәуелсіздік жылдарындағы тарихына дейінгі мәселелері барынша қамтылған.
Кітапта сондай-ақ облыстық, қалалық, аудандық және мамандандырылған соттардың қысқаша шежіресі мен қазіргі тыныс-тіршілігі, сот жүйесіндегі жаңа құрылымдар туралы да мағұлматтар бар. Сотты әр жылдарда басқарған тұлғалар, майдангер судьялар, сот жүйесінде көп жыл қызмет істеген белгілі адамдар туралы жазылған очерктер де енген.
Ақжайық атырабына танымал кәсіби фотосуретшілер Александр Куприенко, Виктор Предыбайло, Рафхат Халеловтардың облыстық сот өмірінен түсірген суреттерімен және тың туындыларымен, тарихи фотосуреттермен айшықталып, түрлі-түсті, бағалы офсеттік қағазға басылып шыққан тарихи-танымдық кітап соттың және өлкенің тарихымен әуестенушілерге, қалың оқырман мен зиялы қауымға құнды рухани азық болмақ.
9 қаңтар күні аталмыш кітаптың облыстық сотта таныстырылымы болды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін