Департамент мәліметіне сәйкес, мемлекеттік компания клейковина мөлшері 23-24 проценттен кем емес үшінші классты жұмсақ бидай сорттарының бір тоннасын 13230 теңгеге, арпаның тоннасын 8085 теңге сатып алуды көздеп отыр.
Сондай-ақ, ауылшаруашылығы департаментінен хабарлауынша, «Батыссервис» МКК өнім өндірушілермен 2003-жылғы берешек бойынша есеп айырысу ережесін жариялады. Дихандарды тұқыммен қамтамасыз етуші компания қарызды ақша немесе астық түрінде қайтарып алмақ ниетте. Кәсіпорын клейковина мөлшері 28 проценттен кем емес үшінші классты жұмсақ бидай сорттарының бір тоннасын 14500 теңгеге, клейковина мөлшері 25-27%-тік бидайды 14 мың теңгеге, клейковина мөлшері 23-24%-тік бидайдың бір тоннасын 13300 теңгеге сатып алмақшы. Ал клейковина мөлшері 20%-тік төртінші классты жұмсақ бидай 11 мың теңгеге, бесінші классты бидай 8500 теңгеге бағаланады. Екінші классты бір тонна арпа 8100 теңгеге сатып алынбақ. Бұл бағаға қырманның желілік бөліміне жеткізу төлемі, 2003-жылдың 1-қарашасына дейін сақтау құны мен қосымша құн салығы қамтылады.
Департамент мамандарының топшылауынша, астық бағасы сұраныс пен ұсыныс мөлшеріне қарай қымбаттауы мүмкін.