№7 алаң Батыс Қазақстан облысының Бөрілі ауданында, Ақсайдан солтүстік-шығысқа қарай 23 шақырымда орналасқан.
Жобаның техника-экономикалық негіздемесін жасаушылардың пікіріне жүгінсек, №7 алаң өндірісті Қарашығанақ кенішінің санитарлық-қорғаныс аймағынан тысқары, КПК өңдеу кешенінен алты шақырымда, әкімшілік қонақүй кешенінен үш шақырымда орналастыруға мүмкіндік береді. Осы жерден 9 шақырымдық радиус бойында елді мекендер де, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету көздері де жоқ. Сарапшылардың пікірінше, бұл факторлардың барлығы да газ өңдеу зауытын салуға қолайлы әрі қауіпсіз болмақ.
Тұтастай алғанда, жобаның техника-экономикалық негіздемесін жасаушылар газ өңдеу зауытының құрылысын салуға қолайлы үш алаңды анықтап отыр. Алғашқысы — Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Алғабас бекетінде. Бұл алаңға таяу жерде Қарамай, Шөптікөл, Бесағаш, Қараоба ауылдары орналақан. Санитарлық-қорғаныс аймағының аумағы 5 шақырым деп қабылданған жағдайда бұл ауылдар аймаққа қамтылып кетеді. Ал екінші алаң Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласынан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 27 шақырымда орналасқан. Өндірістік алқап Қарашығанақ кенішінен 1,5 шақырымда санитарлық-қорғаныс аймағының аумағында орналасады. Бұл жерден шығысқа қарай 7 шақырымда Березовка өзені ағып жатыр. Ал үшінші алаң- №7 алаң болмақ.