Әкімшілік мәліметі бойынша, жергілікті бюджеттен ауылдық кәсіпкерлерді жеңілдікпен несиелендіруге бөлінетін қаржы көлемі бойынша Батыс Қазақстан облысы республика көлемінде алдыңғы орындардың бірінде.
Соңғы үш жылда ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуге ауылдық жерлерде тауар өндіруші 8 компанияға 23 млн. теңгенің несиесі берілді. Мәселен, Шыңғырлау ауданындағы «Дан» ЖШС-іне арпа мен сұлы өңдеуге арналған жабдық сатып алуға 1,5 млн. теңге бөлінді. Қаратөбе ауданындағы «Күміс» шаруа қожалығына кеспе цехын жабдықтауға 1,5 млн. теңге берілді.
Сондай-ақ, облыста ауыл кәсіпкерлеріне шағын несиелер тарату жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы шағын несиелер тарату жөніндегі екі қор, атап айтсақ, «Шағын несиелер тарату жөніндегі «Заман» бірлестігі» қоғамдық қоры мен «Шағын несиелер тарату жөніндегі «Батыс-Микрокредит» бірлестігі» қоғамдық қоры құрылды. 2004-жылдың мамыр-маусым айлары аралығында «Заман» қоры 42 ауыл кәсіпкеріне 6,2 млн. теңгенің несиесін берді.
Жалпы алғанда 2004-жылдың 1-маусымындағы жағдаймен шағын және орта бизнеспен шұғылданушылар саны 44 мың адамға жетті. Шағын бизнеспен шұғылданушы заңды тұлғалар саны 2921 болды.