Биылғы маусымда театр әдеттегідей жаңа қойылымдарымен де көрермен көңілінен шықпақ. Қыркүйек айында театр басшылығы арнайы шақырып отырған Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ драма театрының режиссері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпенов келіп, жаңа қойылымның дайындығына кіріспек. Гүржінің атақты «Хнаума» комедиясы (авторы А.Цагарелли) көп кешікпей Орал театрының да сахнасында жүретін болады.
Театр кішкентай көремендерін де ұмытқан жоқ. Жаз айында балалар қойылымына тағы бір ертегі қосылды. В.Орловтың «Алтын балапан» ертегісін Орынбор облыстық қуыршақ театрының артисі Рамиль Рахимов сахналап кеткен болатын. Сондай-ақ жаңа маусым қарсаңында театр залында кішігірім жөндеу жұмыстары да жүрді. Театрға келген көрермен жайлы, жаңа орындыққа жайғасып, сүйікті қойылымдарын тамашалайтын болады.