Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Жайықтың Тайпақ ауылы тұсында, сондай-ақ Шыңғырлау, Өлеңті, Шідерті, Қалдығайты өзендерінде су деңгейі төмендеген. Жайық Январцев тұсында 329 см (қауіпті шегі — 1250 см), Орал қаласында 298 см (850 см), Көшімде 215 см (850 см), Көшім каналы 605 см (850 см), Шаған өзені Чувашинде 844 см (1280-1300 см), Қараөзен Жалпақталда 552 (790-820 см), Сарыөзен Бостандықта 268 см (600 см), Деркөл Тасқалада 452 см-ға (470 см) көтерілгенімен, әзірге қауіп жоқ.
Республикалық маңызы бар Подсетпный-Федоров жолының 88-шақырымында 24 наурыз күні кешкісін су жолға шығып кеткенмен, оқиға орнында «Қазавтожол» РМК БҚО филиалының жол қызметі жұмыс жасады. Жолды бекіту жұмыстары жүргізілген. Бұдан қозғалысқа кедергі келтірілген жоқ. Сол секілді жергілікті маңызы бар Бөрлі ауылына бұрылар тұста, Бөрлі-Ақсай жолының 1 және 6-шақырымында, Масайтөбе маңында осындай жағдайлар орын алғанмен, жол қалпына келтірілген. Қозғалыста іркіліс болған жоқ. Облыста барлық жол ашық.
Зеленов ауданында Быковкада, Орал қаласы тұсында Деркөлде, Қазталов ауданында Қараөзенде мұз жару жұмыстары жүргізілді.
Облыс бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарға 223 адам, 35 техника, 11 мотопомпа, 3 қайық қатыстырылуда.