Батыс Қазақстанда өлген киік саны 441-ге жетті - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Батыс Қазақстанда өлген киік саны 441-ге жетті

Батыс Қазақстанда өлген киік саны 441-ге жетті

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Борсы ауылы тұсында ақбөкендердің жаппай қырылуы биыл да орын алып отыр.

  • 30 Мамыр 2011
  • 709
Фото - Caravan.kz

Осыған орай, бұдан бұрын ҚазАқпарат хабарлағанындай, 28 мамыр күні облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған арнайы комиссия тікұшақпен оқиға орнына аттанған еді.

Оқиға орнында жүрген «Охотзоопром» РМКК-ның Батыс Қазақстан аймақтық филиалының бас инспекторы Нұрлан Тәжіғалиевтің айтуынша, олар киіктің өлуін 26 мамыр күні түнде алғаш байқаған. Шамамен бір тәулік ішінде 50 шаршы шақырым аумағында өлген киік саны 200-250-дей бар секілді. Оның нақты саны түгел жиналған соң белгілі болады.

Борсы өңірінде биыл 4 мыңның үстінде аналық киік болған. 7-17 мамыр аралығында барлығы бір жерге жиналып, лақтаған көрінеді. «Төлі әбден аяқтанып, үйір орын ауыстырғанда, біз ол жерді барып көрдік. Ешқандай патология байқалмады, өлген киік жоқ, жалғыз лақ қана шетінепті. Оның өзі тірі туған сияқты. Ересек киіктің көбі былтыр қырылды ғой, биыл төлдеген — негізінен былтырғы лақтар. Сондықтан көбінің төлі жалқы болды. 19 мамырда киік үйірінің саны лағын қосқанда шамамен 9 мыңға жетті. Биыл маса көп, жиі-жиі желдеп, бір жерге тоқтамайды. Былтыр қырғын болған жерлерге жібергіміз келмей, әрекет жасап көрдік. Бірақ, жабайы жануар ғой, қайтаруға көнбейді», — дейді Нұрлан Тәжіғалиев.

Ақбөкендердің ажал құшқан жері — Айдарлы деп аталатын малшы қыстағының маңы. Өлген киіктердің іші кеуіп, аузынан көбік байқалған, тышқақтаған. Тура былтырғы індеттің белгілері.

— Дәл осы жерден киіктің өлу фактісі былтыр да, оның арғы жылдары да байқалыпты. Сондықтан мен мамандарға мүмкіндігінше, бұл маңға ақбөкенді жолатпау жөнінде тапсырма бергенмін. Бір тәуірі, биылғы өлген жануар саны аз. Жетім қалған лақтарды ересек киіктер іздеп келіп, ертіп әкетіп жатыр. Былтырғыдай қырылмай, олар аман қалар деп үміттенеміз, — деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Шынында да өлген енелерін айналшықтап, сенделіп жүрген сегіз лақты ересек киік келіп, ілестіріп алып кетті. Тағы бір таңғаларлық жағдай, киік өлімі басталысымен-ақ үлкен үйір тез ыдырап, 200-250-ден шағын-шағын топтарға бөлініп кетіпті. «Бұл мүмкін киелі жануардың өзін өзі сақтау үшін жасалған табиғи ам алы шығар», — дейді бас инспектор.

30 мамыр күні облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясы өлген киік саны 441 болғанын хабарлады. Оның 80 шақтысы — биыл туған лақ. Сараптама бұл жануарлардың ажалына да былтырғыдай пастереллез себеп болғанын көрсетіпті. Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Қазбек Менеев өлген жануарлар түгел жиналып, жойылғанын, киіктің өлуі тоқталғанын, ауыл тұрғындарының мал басы амандығын жеткізді.

Былтыр мамыр айында Жәнібек ауданы аумағында пастереллез дертінен 11920 киік қырылған болатын. Бұл Батыс Қазақстандағы киік өсіп-өнуінің тең жарымы болатын. Осыдан бір ай бұрын жүргізілген санақ нәтижесі облыс аумағында киік саны қайтадан 20 мыңға жеткенін көрсеткен еді.

Соңғы жаңалықтар