Мәскеулік қаламгерлер батысқазақстандық жазушы, Бөрлі ауданының әкімі Болат Шәкімовтің Мәскеудегі «Российский писатель» баспа үйінен өткен жылы жарық көрген «Қыр астында не бар?» атты кітабының Астана қаласында өткізілген таныстырылымына келген болатын. Қайтар жолда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласының тыныс-тіршілігімен де таныса кетуді жөн көрген меймандар мұндай шығармашылық сапарлардың берері көп екенін айтты. Ресей Жазушылар одағы басқармасының хатшылары Николай Дорошенко мен Михаил Попов, сондай-ақ «Наш современник» журналы проза бөлімінің меңгерушісі Евгений Шишкин Қазақстан өмірінен жолжазба очерктер жазбақшы. Олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басшылық етіп келе жатқан Қазақ елінің жиырма жыл ішінде қол жеткізген табыстарын бұрын сырттай естісе, енді көзбен көріп, көңілге тоқығандықтарын жеткізді. Әсіресе, жазушылар Астананың аз уақыт ішінде әсем қалаға айналғанына таңданыстарын білдірді. Бұл жөнінен Мәскеу қаласы да үлгі алуға болатынын жасырмады.