Жарияланды: 330

Батыс Қазақстанда зейнеткер көңілін құп алмаған көрші әйелді өлтіріп, 10 жылға сотталды

Батыс Қазақстан облысында сот кісі өлтірген зейнеткерді қатаң режимдегі колонияда 10 жыл бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, осы жылдың жазында, Оралдағы саяжайлардың бірінде болған қанды оқиғаны жергілікті тұрғындар көпке дейін ұмыта қоймасы анық. Сол қатерлі күні өртенген үйдің орнынан әйел адамның күл болған мүрдесі табылды. Сараптама көрсеткендей әйелдің өлімі өртенуден және улы газдан тұншығудан емес, атылған оқтан болып шыққан. Қылмыскерді табу қиынға түспеді. Ол марқұмның көршісі болып шықты. Қолында мылтығы бар аласұрған зейнеткерді өлген әйелдің баласы көрген. Жанып жатқан үйден атып шыққан шал жігітті көріп, тіпті оны атпақшы да болған. Абырой болғанда жас жігіт қашып үлгірген. Кейін анықталғанындай, бұл оқиғаға сәтсіз махаббат себеп болған. Ол көңілін құп алмаған сорлы әйелдің үйіне мылтығын алып, қайтып келіп, көп ойланбастан тура басынан атқан. Кейін сарайда ыдыста тұрған бензинді әкеліп, өлі денеге және үйге шашып, өртеп жіберген. Басты сот талқысында қылмыскер кінәні мойындаудан бас тартып, тек әйелді қорқытпақшы болғанын, екеуара ұрыс кезінде әйелдің өзі абайсызда шүріппені басып қалып, ажалы содан болғанын айтты. Ал өрт қылмыскердің сөзі бойынша ілгіштің жанулы тұрған газға құлап, өртенуінен болған. Алайда, оның бұл уәждері іске аспады. Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны қасақана қылмысқа және өртке кінәлі деп тауып, 10 жыл бас бостындығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге үкім етті. Сонымен қатар моральдық шығын ретінде сотталушыдан марқұмның туысқандарының пайдасына миллион тенге өндірді. Сотталушы абайсызда болған кісі өлімі деген мәлімдемемен, өзіне шартты түрде жаза қолдануды сұрап, апелляциялық шағыммен облыстық сотқа жүгінді. Алайда қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы шығарылған үкімді заңды және негізді деп санап, оны өзгеріссіз қалдырды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін