Қазақстанның халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Жұбан Молдағалиевтің 90 жылдық торқалы тойына арналған өлең бәйгесіне қырық жасқа дейінгі ақындар қатысты. Барлығы 20 үміткердің өлеңі түскенімен, соның оншақтысы іріктеліп алынды.
Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева бастаған қазылар алқасы төрелік еткен мүшәйра қорытындысында М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің биылғы түлегі, мамандығы режиссерлік болғанымен, өлеңнен де алар үлесі бар Әйгерім Ділмағамбетова бірінші орынды (50 мың теңге) иеленді. Алғашқы жинағын шығарып үлгерген оралдық жас ақын Талғат Мықи мен ақжайықтық Айнабек Бисенғалиев — екінші, жәнібектік Назгүл Кәрімова, Орал қаласынан Шынар Шахина мен Жансая Мусина үшінші орынды еншіледі. Сондай-ақ қатысушылардың барлығы да алғысхаттармен, ескерткіш сылықтармен марапатталды.