Батысқазақстандық офицер Е.Қартқожақов үздіктердің бірі атанды
«Қазіргі заман қаһармандары» республикалық жобасының аясында ішкі әскерлердің Батыс құрамасына қарасты Орал қаласындағы 5517-әскери бөлім офицері, |
капитан Ерлан Қартқожақовқа «Патриоттық тәрбиеге қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, «Қазіргі заман қаһарманы» мүсіні және диплом табыс етілді.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен өткен шараны «Жас қыран» әскери-патриоттық бірлестіктерінің республикалық дамыту орталығы мен жас әскери бірлестіктерінің республикалық штабы ұйымдастырды. Егемен еліміздің тарихында алғаш рет өткізілген жоба бүгінгі бейбіт күнде ерлік жасаған қазақстандықтардың еңбегін ескерусіз қалдырмай, кейінгі толқынға үлгі ету, сол арқылы патриоттық тәрбие беруді мақсат еткен.
Ішкі әскерлер Батыс құрамасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқық мәселелері жөніндегі орынбасары, подполковник Қанат Беляковтың айтуынша, облыс әкімдігі жалпы республикалық жоба жөнінде құлағдар еткеннен кейін ақылдаса келе, бұл жобаға Орал гарнизонынан капитан Ерлан Қартқожақовты қатысуға лайықты деп тапқан. Ерлан Батыс құрамасы штатына кіретін арнайы ерекше жасақ отряды командирінің әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді. Отан үшін отқа түсуден де, оққа ұшудан да тайынбайтын оғлан еліміздің батыс өңіріндегі арнайы әскери операцияларға қатысқан. Бұған дейін Ерлан ерекше жасақ тобының аға офицері болған. «Өткен жылдан бастап бұл топтың штаты ұлғайтылып, отряд болып құрылды. Сол кезде аға офицердің моральдық-іскерлік қасиеттері, кәсіби дағдылары мен жеке құраммен тәрбие жұмыстарын жүргізудегі шеберлігі бағаланып, отряд командирінің орынбасары етіп тағайындалды. Бүгінде оның қарамағында әскери және қызметтік тәжірибесі мол офицерлер жұмыс істейді. Жас офицер жоба бойынша үздік деп танылып, оның еңбегі оң бағаланды. Бұл шараға Ішкі әскерлер құрамасынан 6 адам қатысып, түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Қазіргі заманның қаһарманы деп танылған капитан Ерлан Қартқожақовқа марапатты Астанада Ішкі әскер қолбасшысының орынбасары, полковник Әбілсадық Ережепов пен ардагер, генерал-майор Дәулет Салханов табыс етті", - дейді подполковник Қанат Беляков.
Ерлан Қартқожақов -Теректі ауданы Шалқар ауылының тумасы. Бала кезінен офицер болып, ел іргесін қорғауды арман етіпті. Сарыөмір ауылындағы Х.Есенжанов атындағы орта мектебін бітіріп, Оралдағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде оқыды. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан бергі өмірі осы әскери бөлімде өтуде. Жас офицер Батыс құрамасының командалық-штабтық түрлі әскери-жаттығуларына белсене қатысып, көзге түскен.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін