Батысқазақстандық сарбаз Б.Қабашевтің сүйегі елге әкелінбек - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Батысқазақстандық сарбаз Б.Қабашевтің сүйегі елге әкелінбек

Батысқазақстандық сарбаз Б.Қабашевтің сүйегі елге әкелінбек

1943 жылы Украинада қаза тапқан Ұлы Отан соғысының сарбазы Баянқожа Қабашевтың сүйегі туған жерге әкелінбек. Осыған орай Украинаға аттанатын делегацияны 14 қараша күні облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен қабылдады.

  • 15 Қараша 2012
  • 387
Фото - Caravan.kz

1899 жылы Қаратөбе ауданының бүгінгі Сулыкөл ауылдық округының аумағында өмірге келген Баянқожа Қабашев 1942 жылы майданға аттанған. Арада жыл өткесін «қара қағаз» келіпті. Украинның Изюм қаласының төңірегінде көз жұмған оны «хабар-ошарсыз кеткендер» қатарына да қосса керек. Сарбаздың соңында үш ұлы, екі қызы қалыпты. Қазір бір ұлы мен қыздары өмірде жоқ. Екі ұлы мен немерелері облыстың Зеленов, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарында өмір сүруде.

Ақтөбелік азамат Асылбек Исмурзин көптен бері тарихи-ізденіс жұмысымен айналысып келеді. Бұған дейін Ұлы Отан соғысы жылдарында Екпінді Екінші Армия, Смоленск, «Вязьма қазандығы», Ржев қалалары маңындағы қанқұйлы шайқастарда хабарсыз кеткен қандастардың тағдырын анықтапты. Таяуда ол ғаламтор арқылы Украинадан 25 қазан күні түскен Б.Қабашев туралы ақпаратты Батыс Қазақстанға жеткізеді. Украиндық әріптестері жерлесіміздің сүйегін тауып, бойтұмары арқылы кім екенін анықтаған екен. Хабар құлағына тиісімен, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осы іске айрықша мән беріп, ұйымдастыру жұмысына басшылық етті. Соғыс сарбазының ұрпағына хабар беріліп, Украинаға делегация аттандыру жөнінде шешім қабылданды. Украин жағымен бұл жөнінде өзара келісім бар. Бару-келу шығынын облыс әкімдігі өз мойнына алып отыр.

-Ұлы Отан соғысына Жайық бойынан жетпіс мыңдай адам аттанып, солардың басым көпшілігі елге оралған жоқ, — деді қабылдау кезінде Серік Кенжебекұлы, — Отан үшін қаза тапқан жерлесіміздің жатқан орнын анықтап, дерегін жеткізген украиндықтарға ризамыз. Осының өзі олардың соғыс сарбаздарына құрметінің биік деңгейін көрсетеді. Украинаға баратын делегация құрамында Б.Қабашевтің екі немересі де бар. Украиндықтар біздің делегацияны қабылдауға және салтанатты түрде кері аттандыруға дайын екендіктерін жеткізді. Мақсат — оның сүйегін туған топырағы Қаратөбе ауданы, Сулыкөл ауылдық округіндегі Баянқожа елді мекеніне жеткізіп, жер қойнына беру. Осыдан жетпіс жылдай уақыт бұрын қаза тапқан жауынгердің дерегін анықтап, хабарлағаны үшін ақтөбелік тарихи іздеуші жасағының жетекшісі Асылбек Исмурзинге облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы мен өңір жұртшылығы атынан алғыс айтамын.

Содан кейін С.Сүлеймен Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Сатқан Өмірзақов басқарған делегация мүшелеріне қазақ, украин, орыс тілінде басылған облыс әкімі Н.Ноғаевтың украиндықтарға арналған алғысхатын табыс етті. Ақтөбелік зерттеуші А.Исмурзин өзінің ізденісіне қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне алғыс айтты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов мұндай сауапты істің маңызын көрсете келіп, жолаушыларға сәт сапар тіледі.

Соңғы жаңалықтар