Қашанда жүзінде жылы күлкі ойнап тұратын Бауыржан Әбдішев облыс әкімі қызметіне тағайындалғанда бақыттан басы айналмаған сияқты еді. Бірден жұмыс сапарымен өңірдің түкпір-түкпіріне барды, ауыс-түйістерді көп жасаған жоқ, есесіне тілшілермен сұхбатты жақсы көретін. Істегенінен әлі істеп үлгермегені көп сол Әбдішевті жылы орнында бір жарым жылға жеткізбей, биыл шілде айында орнынан түсіп қалған болатын. Алғашында, өзі арыз жазып кетті дегенімен, көп ұзамай жіктің мемлекет меншігіндегі жерге қатысты шыққаны әшкереленді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
—Жобаларды бекіту кезінде әкімдік кәсіпкерлерден жер учаскесін тартып алу үшін түрлі қитұрқылық ойлап тапқан. Осыған байланысты облыстың бұрынғы әкімін қызметтен алдым. Осыны білсін деп айтып отырмын.
Яғни, облыс басшылары Қарағандының қақ ортасындағы 49 гектар жерді тамыр таныстарына үлестірген. Кейін бірнеше рет қымбат бағаға қолдан қолға өтіпті. Осы былықпен қызметінен алынғанда басына қара бұлттың үйірілгенін сезгенімен Бауыржан Әбдішев, басқа әріптестері сияқты шетел аспаған екен. Мәліметтерге қарағанда, экс-әкім кеше кешкілік осы зәулім үйінде отырған жерінен уақытша қамау абақтысына жеткізілген.
Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
—2 қылмыстық іс қозғалды. Қарағанды облысы бұрынғы әкімі Әбдішевке қатысты. Ол қылмыстық іспен танысып 132 ші бап аясында күдікті ретінде қамауға алынды. Енді 78 сататтың ішінде біз айып тағуымыз керек.
-Бауыржан Әбдішев орынтағынан тайысымен, қала әкімінің басына да күн туған. Өз еркімен жұмыстан кеткен Мейрам Смағұловтың үстінен лауазамын асыра пайдаланды деген баппен қылмыстық іс қозғалды. Ол мемлекеттке үй салатын құрылыс фирмасына соқыр тиын төлемей жеке үйін жөндетіп қойғаны үшін басы бәлеге қалып жатыр.