Бауыржан Момышұлы: Еш нәрсе себепсіз жаратылмаған - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бауыржан Момышұлы: Еш нәрсе себепсіз жаратылмаған

Бауыржан Момышұлы: Еш нәрсе себепсіз жаратылмаған

Зейнеп Ахметованың естелік-эссесі - "Бабалар аманаты" кітабынан үзінді.

  • 30 Қараша 2012
  • 1449
Фото - Caravan.kz

– Не демекші едім? А-а, телефон шырылының күнде неше түрі кездесіп жатады Алдыңгүні біреу телефон соқты. Мен тұтқаны көтергенде, өзің айтқандай, аман-сәлем жоқ, ә дегеннен:
– Мұқаттың үйі ме? – деді.
– Жоқ, бұл – басқа пәтер, – деп едім:
– Ондай болса, телефонды неге аласың? – дейді әлгі қасқа өзімді жазғырып. Тұтқаны қоюға зорға шамам келді. Ал кеп күлейін, ал кеп күлейін…
Адамды еріксіз көңілдендіретін әпенде сөзге біз де күліп жатырмыз. Ауыздан-ауызға тарап, ел аралап жүретін анекдот дегендер осындайлардан шығатын болар.
Атаның мәз бола күлгенін ары қарай жалғастырғысы келді білем, Бәкеңнің жанары жайнап, дауысы ажарланып:
– Одан да қызығы бар. Өткенде телефон сылдырлағанда Зейнеп барып алды… – дегенде ішім қылп ете қалды. «Бәле-ай, соны айтпаса қайтер еді» деп қалақай шаққандай бетім дуылдап, қозғалақтап кеттім. Орта жолда тоқтайтын Бәкең бе, бастағанын айтпай тынбайды енді.
– Келінің барып, телефон тұтқасын көтеріп: « Что-о-о?» – деді орысшалап… Бетіне қарасам байқұстың көзі бақырайып, өңі кенеп түстеніп кетіпті.
– Не болды? Кім звондаған? – деймін.
– Қайдан білейін, біреу «где ты ходишь, кобра» деп зіркілдеп берді ғой, – дейді келінің.
– Астапыралла! Дауысыңнан қалай таныған?.. – деп едім, бала құсап жылап жіберді, – деп Бәкең масайрай сөйледі.
Маған қатысты ілінетін бірдеңе болса, құдайы беріп қалады осылай. «Ата да қосыла күлер ме екен» деп сасқалақтап, онымен қоймай, бір сасқанда екі сасып, ортадан сөзге қыстырыла кеткенімді қайтейін… Аузымды ашпағаным-ақ жөн еді, іріген сүттей іртік-іртік бірдеңе шықты.
– Қайдағы бір орыс… Қателесіп… Содан бері «кобра, кобра» деп күліп… Мені… – Ар жағы міңгір-міңгір. Не айтып, не қойғанымды айыра алмай,
түйіліп қалдым. Төмен қарап тұқшиып, саусақтарымды мыжғылай беріппін. Аяғымның асты еден емес, сусымалы құм секілді сырғытып бара жатқандай.
Атаның күлкісі келді ме, жоқ па – білмеймін, тек менің шоқ басқандай күйгелектенген сиқымды аяп кетті білем:
– Отыр ана жерге! – деп баласына зекіп жіберді.
О-о! Атаның зекуін естімеген, оның қандай құқай екенін шекесіне тимеген адамға сөзбен жеткізу қиын. Ал таңдайына татыған кісінің бірден түгі жығылатыны анық.
Бәкең де езуін жия қойды. Жайшылықта болса: «Жұмысым тоқтап қалды, сендермен отыруға уақытым жоқ», – деп қайқайып шығар еді. Қыңырлығы бір басына жететін Бәкең атаның өктем де ызғарлы үні естілгенде қарсы дау айтуға кейде тайғанақ, әке ырқына көне кетеді. Қазір де екі сөзге келмей, ата нұсқаған креслоға монтиып қана отырды. Мен ішімнен «тұра тұр, бәлем, сыбағаңды жақсылап береді, ет те жейсің, сорпа да ішесің» деп жұбайымның атадан сөз еститініне алдына ала сенімді болдым. Тіпті соны қалап тұрмын. Дәл осы жолы кеткен есемді ата алып береді деп дәмеленіп, алға қарай ұмсына түстім.
Алайда менің мығым ойым орындалмады. Не айтатыны бар, бүгін Бәкеңнің жолы болып тұр. Ата сөзін баласын тықсырудан бастайды дегенім бекер болды. Ол кісі мүлде басқаша кетті. Қысқа жолдың ұзағына түсіп, сон-а-ау жер түбінен қозғады.
– Ертедегі ата-бабаларымыз Тәңірге табынып, табиғатты өзінің асырау-шысы, өмірінің мәні мен сәні ретінде қасиеттеп, кие тұтқан. Олар Табиғат-ананың тылсым тынысын тыңдап, үнін естіп, қат-қабат құпия сырларын ұғуға құлшыныпты. Әлемдегі ең ұлы кітап – Жаратылыстың өзінен оқып, тағылым алып, тәжірибе жинапты. Еш нәрсенің себепсіз жаратылмағанын, белгілі бір мақсат-міндетті атқару үшін келгенін түсінген. Көргенін, түйгенін жүрек көзінен өткізіп, ақыл тезіне салып, ой қорытқан, байламдар мен болжамдар жасаған. Сол күнделікті түйсінген ұғым-түсініктері негізінде әлем тіршілігі жайлы, болмыс туралы дүниетанымы қалыптасқан. Салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-тыйымдары, үрдістері пайда болған. Түп бабаларымыздың бізден артықшылығы – олардың табиғаттан бөлінбегендігінде. Адам мен Жаратылыс арасындағы көзге көрінетін-көрінбейтін тығыз байланысты бұзбаған. Табиғатқа зорлық жасап, «бермесін тартып аламыз» деп қатыгездік көрсетпеген. Табиғаттың тепе-теңділік заңдылықтарын сақтауды бізден артық білгеніне күмәнім жоқ деп сеніммен айта аламын.
Табиғаттың алып тұлғасына, оның ғаламат күші мен керемет көркіне, жан-жануарлар мен өсімдік әлемінің бітіміне зор мән берген ата-бабаларымыз өзгеше бір жан иесі – жыланның да қыр-сырларын жақсы білген бе деймін. Мысалы, қазақтар үйге кіріп кеткен жыланды өлтірмейді. Басына ақ тамызып, шығып кетуіне мүмкіндік жасайды. Мұнда мына біз ұға бермейтін, әлі ешкім анық шеше қоймаған сыры ішіне бүгілген құпия бар. Сол секілді ордалы жыланға тиіспеген, тыныштығын бұзбаған. Қазақтар кішкентай сәбилерді тіл-көзден, сыртқы жағымсыз әсерден сақтайды деп баланың бесігіне, киіміне жыланның басын тігіп қойған. Алаш аруларының аса ардақты баскиімі – сәукелеге күмістен құйылған жыланбас бейне таққан. Жас келінді тіл тиюден, сұқ өтуден, басқа да кесір-кесапаттан сақтайды, жыланның киесі қорғайды деп сенген. Әсілі, қазақтың ешбір ырымы, таным-нанымы себепсіз шықпаған. Әрқайсысының түпкі бір мән-мағынасы болған. Өкінішке қарай, көбінің негізгі тегі ұмытылып, көмескіленген. Ал бүгінде біз бәрін соқыр сенімге апарып тірей саламыз. Тылсым иірімдерін іздеп, бас қатырғаннан гөрі өзімізді-өзіміз алдай салатын оңай жолды таңдаймыз. Жарайды, алғашқы әңгімеге қайта оралайық. Ата-бабаларымыз есте жоқ ескі замандардың өзінде-ақ жылан көп кездесетін жерлерде қазына, кен, әсіресе алтын-күміс, мыс, жез секілді түсті металдардың болатынын білген екен әрі айтқаны дөп басып келген. Мен осыны халқымыздың дара перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтан сұрағанымда ол кісі талай қызық деректерді айтып беріп еді. Ал кобраға келсек…
Ата осы сөзді айтқанда Бақытжан мұрнының астынан күңк етіп: «Кезек саған келді», – деді қасында отырған маған. Өзіне дауа жоқ, қағытпа сөзден есе жібермейтін әдетіне тағы басты.
– Әй, сөзді бөлмегін, – деді ата жай ғана ескерту жасап. Баласының жаңағы қитұрқы сөзін естіді ме, естісе де, әдейі елемеді ме, сөзін жалғастыра берді. – Ал кобраға келсек, оны жыландардың нағыз ақсүйек патшасы деуге болады. Оны қазақша «әбжылан» дейді. Қазақтың ауыз әдебиетінде ол туралы талай аңыз-әңгіме, ертегілер бар. Соның керемет бір үлгісі – «Ер Төстік» ертегісі. Оны өздерің де білуге тиіссіңдер. Әбжылан әлем халықтарының басым көпшілігінде даналық, парасат, денсаулық символы ретінде танылады. Медицинаның халықаралық эмблемасына әбжылан суреті тегіннен-тегін салынбаған. Үнді халқының бір топтары кобраға табынады. Арнап салған әсем храмдары бар. Ал ертедегі Мысыр перғауындары әбжыланды тіпті ерекше қастерлеп, қасиеттеген. Әбжылан бейнесін патша тәжінің қақ маңдайына бар айбарымен, суық сұсымен тікірейтіп тұрып жасап қойған. Бұл, бір жағынан, «патша – ақыл иесі», «патша – кемеңгер» деген мағынаны білдірсе, екінші жағынан, айналасына сес көрсетіп, кімді болса да тізе бүктіретін, басын идіретін пәрменділіктің белгісіндей болыпты. Бір сөзбен айтқанда, былайғы жұртты үрейлендіріп тұрады. Айтса да, сол патша тәжіндегі әбжылан бейнесін «Царский Урей» деп атаған екен. Египтология, яғни Мысырды зерттеген ғылыми кітаптардың барлығында бұл атау анық жазылған. Енді, мына қызықты қараңдар, біздің тіліміздегі «үрейі ұшты», «үрейленді» деп қатты шошынғанды, қорыққанды айтатыны мен перғауындардың «урей» дегенінің мағына жағынан да, дыбысталуы жағына да ұқсастығы бар екені анық. Бірақ кімнен-кімге ауысқан сөз екенін білмеймін, – деп ата сәл тыныстады.
«Бір сайдың бір сай шығар желкесінен» болып жатыр. Сөзден – сөз, әңгімеден әңгіме өрбуде.
– Бұрынғылар, – деп ата әңгімесін қайта сабақтады, – «жатқан жыланның құйрығын баспа» деген. Білгендіктен айтқан. Жылан өздігінен тиіспейді. Өзін қорғау үшін шағады. Қарынын тойғызу үшін, құлқыны үшін емес, қауіпсіздігін қорғау үшін қарсы әрекет етеді. Мысалы, саған біреу бекерден-бекер, ешбір себепсіз тиіссе, сен де қарап тұрмай қарымтасын қайтарасың ғой. Бұл да сол секілді. Асанқайғы жарықтық «аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер» деп бекер айтты дейсің бе?! Адам құсап тебетін – аяғы, жұдырықпен ұратын қолы жоқ, тым құрыса, әкеден түсіп сықпыртып боқтап алатын сөзі жоқ. Боқтайтын да шығар, бірақ біз жыланның тілін түсінбейміз. Құйрығын басып не белінен жаншып кетсең, шақпағанда қайтеді?! Оның жаратылысы солай. Құдай оған өзін қорғайтын қаруды тісіне берген. Жыланның титімдей тісі өздігінен не істей алады дейсің, алайда сол тіс оған қорған болуы үшін бір тамшы уды қосып берген. Ол үшін Жаратқан иемізді «неғып бұлай жасадың» деп жазғыра алмаймыз ғой. Әрбірден соң жылан уынан небір шипасы күшті дәрілер жасалып, талай дерттің дауасы табылып жатыр.
Адамдар жыланды жек көріп жиырылады, уы бар, шағады деп көрген жерде өлтіруге ұмтылады. Қуып жүріп өлтіреді. Шындап келгенде, адам жыланнан сан есе улы, сан есе қауіпті. Адамзат тарихының басып өткен ұзақ жолының бірде-бір күні қантөгіссіз өтпеген. Әлемнің бір бұрышы тыныш болса, екінші жағы бүлініп жатады. Соғыс – адамзаттың өз басына өзі ойлап тапқан зауалы. Қиратады, өртейді, өлтіреді. Адам қаны судай ағады, көз жасы көлдей төгіледі. Ең сұмдығы, өткеннен қорытынды шығарып, сабақ алмайды. Әлі де алмай келеді. Сол жауыздықтың бәрі адам баласының белгілі бір тобының тойымсыздығынан, мансапқорлығынан, құдайсыз-дығынан туындайды. Қалғандары жапа шегеді, азап көреді. Алла тағала пенделеріне тіршілік етіп, өсіп-өнуі үшін Жер деген ғажайып мекенді игілігіне берген әрі жер бетінен қисапсыз ырыздық, несібені барлығына жетіп-артылардай көп берген. Бірақ пендеде қанағат жоқ, ынсап жоқ. Боқ итерген қоңыздай қоқыс дүниеге көзі де тоймайды, көңілі де толмайды, – деп ата сөзін кесіп тоқтатып, темекіге қол созды.

(Зейнеп Ахметова, «Бабалар аманаты»)

Аталмыш кітап жайлы 87016520613 (Айгүл) хабарласуларыңызға болады.

Естелік-эссенің басы ҚОҒАМ рубрикасында мына күндері жарияланған:

Зейнеп Ахметова: Қазақ салтын қорлаған түбінде өзі сорлайды
07/11/2012

Зейнеп Ахметова: Сәлемдесе білеміз бе?
13/11/2012

Зейнеп Ахметова: ,Шіріген шөпті мал жаратпас, шіренген жігітті ел жаратпас»
15/11/2012

Зейнеп Ахметова: ……сонда оның қолынан қаруы түсіп қалады
18/11/2012

Зейнеп Ахметова: «Мәдениетті болу — шікірейіп қызметкер болу емес
20/11/2012

Зейнеп Ахметова: Ұлттық қасиет тарылып барады
22/11/2012

Зейнеп Ахметова: Аталы сөздің астарлы мағынасы
27/11/2012