Кинофестиваль биыл 10-шы рет шымылдығын ашты, деп хабарлайды khabar.kz.
Байқауға ТМД және алыс-жақын шетелдерден барлығы 134 тапсырыс түсіпті. Сарапшылар кеңесі соның ішінен 65 фильм мен телебағдарламаны іріктеп алған. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында осы тақырыпқа түсірілген кинотуындылардың сайысы 10 аталым бойынша бәсекеге түсті. Бас жүлде Севастополь қорғаушыларына арналған ресейлік «35-ші жағалау батареясының құпиясы» фильміне бұйырса, белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған халықаралық қазылар тобы «Бауыржан Момышұлы» фильмін «Мәскеу қорғаушылары» аталымында үздік деп таныды.
«Біздің фильмді көрермендер өте жақсы қабылдады. Ресейліктер менің қасыма келіп «Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақстандықтардың арқасында Жеңіске жеткенбіз. Бауыржан Момышұлы мен панфиловшылардың ерлігі ел есінде», — деп жылы лебіздерін айтып жатты. Ал ұйымдастырушылар болса, қазақстандық кино кинофестивальдің барлық аталымында жеңіске лайық деп атап өтті», — деді «Хабар» агенттігі АҚ Алматы бөлімшесінің бас редакторы Күлімхан Хасенова.
Айта кетейік, «Бауыржан Момышұлы» фильмі Александр Бектің «Волоколам тас жолы» туындысы бойынша қазақтың қайсар ұлы, батыр атамыз Бауыржан Момышұлының ерлігі туралы түсірілген болатын. Белгілі режиссер Ахан Сатаевтың бұл туындысы жуырда ғана Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Алматы мен Астана кинотетарларында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көрсетіліп, көптің ықыласына бөлінді.
«Бауыржан Момышұлы» фильмінің халықаралық додада жеңіске жетуі — қазақтың қанымен сіңген қайсарлығы мен төзімділігінің мойындалуы», — дейді кинотуындының авторлары.