"Құрметті Мақсат Тәж-Мұрат мырза! "Түркістан" газетінде жарияланған Сіздің сыни мақалаңызбен аудартып алып, егжей-тегжейлі танысып шықтым. Үлкен ізденіс пен тарихқа деген адалдығыңыз үшін алғыс айтамын. Сіздей азаматтар Желтоқсан не Жаңаөзен оқиғасын зерттесе, қандай пайдалы іс болар еді деп ойлап отырмын", — деген ол.
Және өзінің Мәншүк Мәметовамен жерлес екенін айтып, мұндай туынды түсіру бұрыннан бергі арманы екенін айтқан.
"Енді сынға келетін болсақ. Біз бірде бір пресс-конференция не релизде деректі фильм түсіріп жатырмыз деп жариялаған жоқпыз, 100 пайыз тарихи шежіре дайындаймыз деп те хабарламадық. Көркем фильм, жалпы көркем шығарма деген дүниенің жанрлық ерекшелігі — автордың қиялына ерік бере білуінде. Сіздің Мәншүк биязы, қой аузынан шөп алмайтын, талдырмаш ару болса, біздің Мәншүк — ақтық шайқаста шімірікпестен 70 адамды өлтіре алатын Мәншүк — қайсар да, өжет, батыр да, батыл жауынгер. Өзін, өзінің пікірін қорғай алмайтын адам Кеңес Одағының батыры болуы мүмкін емес-ау. М.Мәметова жайлы бірнеше зерттеуді, биографиялық естелік пен көркем шығарманы түгел оқып шықтық. Арасынан бізге келіңкірейтін эпизодтарды алдық, кейбір оқиға мен кейіпкерді ойдан құрастырдық", — дейді Баян Мақсатқызы.
Продюсер сынға дайын болғандығын, десе де сериалдың өз көрерменін тауып миллионнан астам қаралым жинағанын жеткізді.