Екі қабатты үйден шыққан өрттің салдары, міне мынадай. Қазір бұл екі қабатты үйден тек күл-қоқыс қалған. Ал мұндағы 8 адам мектеп интернатына орналастырыпты.
Бектау ауылының тұрғындары өмірлері бір сәтте осылай өзгеріп шыға келеді деп ойламаса керек. Түнгі 10-ның шамасында мектептің күзетшісі болып істейтін мына Александр деген жігіттің үйінен жарылған газ баллоны әп-сәтте бүкіл үйді жермен жексен еткен.
Сүйіндік Ұзабай, Бектау ауылының тұрғыны:
— Бәрі де іш киіммен болды. Ұйықтап жатқан балалар ғой. Ағайындардың үйінде болған.
Баян Әміртаева, Бектау ауылының тұрғыны:
— Мен ақырзаман болды деп ойладым, оянып көзімді ашсам, ашық аспан астында жатыр екенмін, қатты қорқып кеттім.
Бұл өртенген үйде 8 отбасы тұрған- яғни, 20 адам. Моңғолиядан көшіп келген Болат Нағашыбайдың отбасы солардың бірі. Оған мектеп-интернаттың 2 бөлмесі берілген. Өйткені, 5 баласымен бірге оның анасы да қолында тұрады. Басқа зардап шеккендер де осы жерде. Аудан, ауыл әкімдері жаңа үй алып беруді де қарастырып жатыр екен.
Марат Атабаев, Шортанды ауданы әкімінің орынбасары:
— Сатып алып беруді қарастырып жатырмыз оларға. Бүгін таңертең мәслихатта кездесіп, жиналыс өткіздік. Заңды жағын қарастырып жатырмыз, қалай көмектесу керектігін.
Әзірге аудан, ауыл тұрғындары болып жабылып, әр отбасына қажетті заттарын тасып жатыр. Ал аудан әкімдігі 60 мың теңгеден өтемақы бөлген. Алайда, оның өзі жаңа жылдан соң.