Белфаст қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер нәтижесінде 60 полицей жарақаттанды
Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында бес күнге созылған жаппай тәртіпсіздіктер барысында 60-тан астам полицей жарақат алды, деп хабарлайды BBC News сайты. |
3 қаңтардан бері оның 100-ге жуық қатысушысы ұсталып, қамауға алынды. Солтүстік Ирландия полициясының бас констебелі Мэтт Бэгготт (Matt Baggott) атап өткеніндей, олардың дені жастар, ал қаладағы тәртіп бұзушылардың арасынан, тіпті 10 жасар балаларды да көз шалуға болады.
BBC News-тің хабарлауынша, тәртіпсіздіктерге қатысып жатқан топтар полицеймен де, бір-бірімен де қақтығысып жатыр. Белфаст қалалық кеңесiнiң ғимаратын полицейлер тобы күзетуде. Наразылық білдірушілерді тыныштандыру үшін полицейлер су атқыш құрылғыларды пайдалануда. Associated Press агенттігі хабарлағанындай, бірнеше көлік өртелген.
Аталмыш толқулар Белфаст басшылығы ресми ғимараттарда британдық байрақты тек нақты белгіленген күндерде ғана көтеруді қаулы еткеннен кейін басталды. Шешім 3 желтоқсан күні жасалған және содан бері жергілікті заң шығару органдарында талқыланбаған. Қаулы бойынша, британдық байрақ Белфаст кеңесі ғимаратында 9 қаңтар күні - Кембридж герцогинясі Кейттің туған күнінде көтерілуі тиіс болған.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін