Белгілі өнер қайраткері, әйгілі күйші Қаршыға Ахмедияров дүниеден қайтты - kaz.caravan.kz
  • $ 522.38
  • 612.6
+2 °C
Алматы
2025 Жыл
13 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Белгілі өнер қайраткері, әйгілі күйші Қаршыға Ахмедияров дүниеден қайтты

Белгілі өнер қайраткері, әйгілі күйші Қаршыға Ахмедияров дүниеден қайтты

Қазақтың бір қара домбырасы үнсіз қалды. Біртуар азамат, композитор, әйгілі күйші Қаршыға Ахмедияров 64 жасқа толған шағында өмірден озды. Марқұм туған жері Атырау өңіріне барғанда жүрек талмасынан қайтты. Бүгін туған-туыстары мен жора жолдастары, қадірлеп сыйлаған замандастары айтулы азаматтың сүйегін Алматыға жеткізді.

  • 8 Маусым 2010
  • 936
Фото - Caravan.kz

Қаршыға Ахмедияров 20 жылдан астам “Құрманғазы” оркестрінде еңбек етті. Қазақтың қасиетті күйін жаңғыртып, консерваторияда талай шәкірт тәрбиеледі. Айта кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын да күйшінің денсаулығы күрт нашарлап, Қытайда бүйрегіне ауыр операция жасатқан. Дегенмен оның қазасы бүйректен емес, жүректен болыпты. Қайраткер туған жері Атырау өңірінде барғанда о дүниеге аттанып кетті.

Айтқали Жайынов, «Астана» оркестрінің бас дирижері:
— Жақында ғана Астанада Құрманғазы атындағы конкурс өтті. Соның қорытындысында күй тартты. Соңғы рет естідіксонда. Домбырамен қоштасқандай сезім қалдырды. Енді міне, туған топырағына барып көз жұмды.

Дегенмен Қаршыға Ахмедияров тек Атырау өңірінің ұрпағы емес, барша қазақтың мақтанышына айналған ірі тұлға. Сондықтан туған-туыстары мен замандас достары марқұмды өмірінің басым көпшілігі өткен жері әрі өнерінің өріс алған жері Алматыға жерлеуді жөн көріпті. Сондықтан бүгін марқұмның сүйегі арнайы ұшақпен Алматыға жеткізілді.

Илья Жақанов, сазгер:
— Бұл Қаршыға дүниені таңырқату үшін келген. А.Толстойдң сөзі бар, «таланттың туған күні бар да, өлген күні жоқ» деген. Қаршығаның орындағанынан бөлек, сан салалы 80-нен астам күйі бар. Оның бәрін шәкірттері тартады. Әлемге осы арқылы қара домбыраны танытады.

Бүгінгі сыншылар күй өнерінің асқан дүлділінің шығармашылығын ерекше бағалайды. Қаршыға Ахмедиярұлын қазақ музыка мәдениетінде өзіндік мектеп қалыптастырған, өзі де күй шығарған, күй зерттушісі және көптеген танымал шәкірттерді тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болғанын еске алады. Отбасындағы Ерлан, Раушан, Ерболаттар әке жолын қуса, Жұлдыз, Ақтоты, Иманғали атты үш немересі де өнер жолында жүр.

Айтулы азаматтың қазасына қайғырып туған жері Атырауда үлкен шеру өтсе, Алматыда қоштасу рәсімі ертең болады. Қаралы шара М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрының алдында өтеді. Содан кейін марқұм Кеңсай зиратында жер қойнына тапсырылады.

Перейти к новостям спорта