Жарияланды: 160

Белгілі тілші Әлімхан Жүнісбек Президентке хат жазды

Белгілі тілші Әлімхан Жүнісбек Президентке хат жазды

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев хат жазды.

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшаында жазды.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ Қ.-Ж. К. ТОҚАЕВ МЫРЗАҒА

Аса қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Бұл хат бәсеке-бақталастық емес, шағымдану да емес, Сізге тілші ғалымдары мақұлдаған әліпби үлгісін мәлімет ретінде жолдап отырмыз.
Әліпби «ұлттық» болу керек, әліпби қазақ тілінің әліпбиі болу керек. Қазақ тілі үндесім (сингармонизм) әуезді және жалғамалы (агглютинатив) тіл, үндесім мен сөздің ұзын тұрқын сақтау үшін әрбір дыбыс (әріп) өз орнында көрініп тұру керек. Сонда сөздің дыбыс құрамы, буын тұрқы, морфем бірліктері мен тасымал реті бұзылмайды. Еміле-ережеде басы артық жаңсақ баптар болмау керек.
Халықаралық атауларды жазудың өзге елдер жатырқамай қабылдап отырған халықаралық үлгісі бар, соны біз де ұстануымыз керек деп есептейміз. Сонда кірме сөздерді қалай жазамыз деген мәселе өзінен-өзі оңай шешіледі.
Кезінде академик Ә.Қайдари (1991) алғаш үлгісін салған,
академиялық «Қазақ грамматикасында» (2002), «Қазақ фонетикасында» (2009) ғылыми тиянақталған, академиялық кешенді зерттеу нәтижесінің есебінде жарияланған (2016), Халықаралық түркі академиясының зерттеу талданымынан өткен (2013), А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты дайындаған (2006, 2015), ҚР Президентінің жанындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның құрамындағы Жұмыс тобының отырысында әлденеше рет баяндалған, мақұлданған (2017) «Ұлттық әліпби» мемлекет мүлкі деңгейінде дайын тұр (толық кестені қараңыз).
Қазақ тілінде 28 төл дыбыс бар. «Ұлттық әліпби» сөздің табиғи фонетика-грамматикалық құрылымын толық сақтап жазуға мүмкіндік береді. Бұл – әліпбиге қойылатын оқу-әдістемелік басты талап. Жазылымы оңай әрібі бар, игерілімі жеңіл емілесі бар тіл әлемде жоқ, қазақ тілі соның бірі. Ендеше әліпбиге қол жаттығып, емілеге көз үйренгенше мерзім керек, алғашқы кезде қиын болатыны рас.
Түрік (түркі) жазуына қатысты өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тәуелсіз түрік мемлекеттері 34 таңбадан тұратын ОРТАҚ ӘЛІПБИ үлгісін ұсынды. Жиынға Қазақстан тарапынан академиктер Ә.Қайдари, Ө.Айтбайұлы, профессорлар К.Хұсайын, Е.Қажыбек қатысқан болатын. Ғалымдар осы әліпби үлгісін ұстанғанды жөн көріп отыр. Ортақ түрік латын әліпбиі:
Aa, Ää (Әә), Bb, Cc, Ҫҫ, Dd, Ee, Ff, Gg, Ğğ, Hh, Iı, İi, Jj, Kk, Qq, Ll, Mm, Nn, Ŋŋ, Oo, Öö, Pp, Rr, Ss, Şş, Tt, Uu, Üü, Vv, Ww, Xx, Yy, Zz
Мұндағы мақсат – егер түрік мемлекеттері латын графикасын қабылдайтын болса, онда қажет әріптерді осы 34 таңбаның ішінен алғаны жөн. Сонда түрік халықтарының жазуы бір ізге түседі (бірегейленеді). Сөйтіп ортақ мәтін қалыптасады, бірінің жазғанын екіншісі оқи беретін болады. Сонымен қатар, тағы бір маңызды мәселе шешіледі, ортақ жазу түрік халықтарының басын біріктеретін ұтымды амалдардың бірі болып табылады.
Ең бастысы, «Ұлттық әліпби» арқылы түрік жұртымен бірге боламыз.
Көптеген монография, ғылыми мақала, конференциялар қарары, үндеу, баяндау хат түрінде құжатталған осы нұсқаны тілші ғалымдар ұсынып жүргеніне биыл, міне, 30 жылдан асты.
Құрғақ сөз болмасын деп, «ұлттық әліпби» үлгісінде мәтін беріп отырмыз.

ABAY JOLΙ (üzіndі).
Üş kündik joldɪŋ bügingi, soŋğɪ künine bala şäkirt barɪn saldɪ. Qorɪqtan kün şɪğa atqa mineyik dep asɪqqan-dɪ. Bunɪ qaladan alɪp qaytqalɪ barğan ağayɪnɪ Baytastɪ da taŋ atar-atpasta özi oyatɪp turğɪzɪp edi. Kün uzɪn attan da tüspey, özge jürginşilerden oq boyɪ alda otɪrğan. Key-keyde özine tanɪs Kök-üyirim men Buwratiygen, Taqɪrbulaq sɪyaqtɪ qonɪs-qudɪqtardɪŋ tus-tusɪna kelgende bala oqşaw şɪğɪp, astɪndağɪ jaraw qula bestisin ağɪzɪp-ağɪzɪp ta aladɪ…
-Mɪna balanɪŋ awɪlğa asɪğuwɪn-ay!

Q-J.Toqayev (üzіndі).
Qazaq tiliniŋ memlekettik til retindegi röli küşeyip, ultaralɪq qatɪnas tiline aynalatɪn kezeŋi keledi dep esepteymin. Biraq munday därejege jetüw üşin bärimiz daŋğaza jasamay, jumɪla jumɪs jürgizüwimiz kerek. Sonday-aq, til ülken sayasattɪŋ quralɪ ekenin umɪtpağan jön. Keler jɪlɪ atalɪp ötetin mereytoylar men elewli oqɪyğalarğa dayɪndɪq jumɪstarɪ bastaladɪ. El ömirindegi osɪnday elewli oqɪyğalar jas urpaqtɪ nağɪz otanşɪldɪqqa tärbiyelewge jol aşadɪ dep senemin.

А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан ЖҮНІСБЕК

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін