Белгілі заңгер контент үшін, қаралым үшін клоунға айналған ер азаматтарды сынға алды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ляззат Ахатова шетелдің танымал тұлғадарын мысалға алып, пікір білдірді.
«Шетелдің танымал тұлғаларына (өнер, спорт жұлдыздары) әуесім келеді. Гонорарларын біздегідей зәулім сарай салып, қымбат көлік мініп, оны елге көрсетіп, мақтануға емес, қолдарынан келгенше мұқтаж жандарға көмек беруге жұмсайды. Бәрі болмаса да, көпшілігі сондай. Анджелина Джоли, мысалы. Асып-тасып, қызметші ұстап, өзін күтіп, күнде бір көйлек ауыстырып, әлеуметтік желіде контент жасап, әдемі өмірді көрсетіп, керемет жерлерде демалып жүрсе, кем дегенде әлемнің 50%-ы жазылып, млн.емес, млрд-таған подписчик жинап алып, күніне қанша ақша түсіп, байыған үстіне байып отырар еді.
Қашан көрсең, қарапайым киіммен жоқ-жітіктің арасында, планетаның аш-жалаңаш балаларын бауырына басып, қаражатының көп бөлігін мұқтаж жандарға жағдай жасауға жұмсап жүреді. Одан басқа, атағы жер жарған спортшылар да туған жеріндегі кедей-кепшікке үй салып беріп, жарылқап жүреді. Өзі қарапайым киініп, қолына ескі маркалы, оның да экраны сынып қалған телефон ұстап, жүре береді. Яғни өмірлік мақсаты, ұстанымы — материалдық құндылыққа байланбаған, біздегідей.
Біздікілермен салыстырмай-ақ қояйын, онсыз да көріп жүрміз ғой. Инстаграмды ашып қалсаң, «келіндерім сүр ет асып қойыпты” деген лепіру, қашан көрсең, аста төк дастархан. Пейіліміз тарылмасын, әрине. Дастарханға барымызды қоятын қазақпыз ғой. Бірақ қай нәрсенің де шегінен асса, кері әсер беретінін ұмытпаса дейсің.
Инстаграм мен тик-токта контент үшін ерлі-зайыптылар да бүкіл отбасылық өмірін көрсетіп, жоқтан өзгені сала беретін болыпты ғой. Әйелдер мейлі ғой, үйде баламен отырғанда, фудблогер болсын, (ол жақсы) білгенімен бөліссін, парақшасын жүргізсін. Ақша да тапсын солай, онлайн жолмен. Бала тәрбиесі мен үй ұстаудың да жұмыс екенін, тіпті “ғылым” екенін көрсетсін.
Ер-азаматтарға не жоқ? “Ақ патшам” десе, клоун боп, жындының сөзін айтып… Айдалада отырып, мен ғана ма, ұялып кететін, сондай жігіттерді көргенде? Әй бірақ олар оқымайды ғой осы жазбаны.
Деградация деген осы шығар, иә? Әлеуметтік желіде, жалпы айналада инфантильный адамдардың көптігі уайымдату керек қой, бәрімізді. Контент үшін, подписчик үшін бәріне баратын заман боп тұр. Оны жетістік көреді, ең сорақысы».