Тұжырымдама жобасын Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институты таныстырды. Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев ең алдымен мәдениетті Қазақстанның ұлттық идеологиясын, рухани дамуы мен әлемдік кеңістіктегі орнын қалыптастыратын қуатты құрал ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.
Ал белгілі жазушы, драматург Дулат Исабеков қазіргі театрлардың жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, материалдық базасы мен қаржыландыылуы жеткіліксіз болса, театр өнерінің өсіп-өркендеуі қиын.
«Ауылдағы театрдың да, республикалық деңгейдегі өнер ордасының да мүмкіндіктері бірдей болуы керек», — деп атап өтті драматург.
Келелі кеңесте сөз алған Қазақстанның театр қайраткерлерінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов Мәдениет министрлігінің бастамасымен ұсынылған жобаны кеңінен талқылау нәтижесінде болашақ отандық мәдениеттің шығармашылық қауымдастықтағы жалпы көрінісі айқындалып келе жатқанын айтты.
Қазақстандық қоғамның басты құндылықты бағдарларын қалыптастыратын мәдени саясат тұжырымдамасын әзірлеу мәдениет саласындағы ерекше оқиға, деп атап өтті қатысушылар. Шығармашылық зиялы қауым өкілдері оның қабылдануы қазақстандық мәдениеттің әлемдік қауымдастықтағы жаңа қадамы болмақ деп санады.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет министрлігі Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын жүзеге асыру аясында мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын жүзеге асыруға кірісті.
Ол үш кезеңмен жүзеге асырылады: 1 кезең — 2015-2019 жж., екіншісі — 2020-2030 жж., ал үшінші кезең 2030-2050 жж. аралығын қамтиды.