Бұл туралы сол елге аттанған Аятжан Ахметжан әлеуметтік желіде жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz.
Бұған дейін Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы тасқыннан зардап шеккен қандастарымыздың суреттері ғаламтор бетіне көптеп жария болған еді. Солардың ішінде домбырасы шағылған Олжастың суреті әлеуметтік желіде кең тарап, көптің аяныш сезімін туғызған болатын.
Сол тұста белгілі журналист Берік Уәли домбырасын ұстап мұңайған балақайға өз атынан домбыра сыйлайтынын, фейсбукте жазған болатын. Жуырда сол домбыра Баян-Өлгийге де жетті.
Олжастың әкесі Берік Уәлиге баласының атынан және халық атынан жалынды сәлем жолдап, алғысын жаудырыпты.
Еске сала кетсек, шілденің 10-ы күні Баян-Өлгийде қатты жауынның соңы селге ұласып, қандастарымыз шоғырланған аймақ су атында қалған болатын. Салдарынан 150 ге жуық үй қиырап, 2 мыңнан астам адам баспанасыз қалған еді. 3 жасар бір бүлдіршін тасқыннан көз жұмды.
Мәліметтерге қарағанда, Моңғол билігі жүзден астам отбасыға киіз үй жане азық-түлік таратқан. Ал, еліміздегі белсенділер халықтан бір аптаға жуық жылу жинап, өткен аптада апат болған аймаққа аттанды.
Белсенділердің бірі Аятжан Ахметжанның айтуынша, ағайынға жанашыр халықтан жалпы сомасы 2 461 759 теңге жиналыпты. Одан бөлек аздаған азық түлік пен бір домбыра бар.