Беловичке Қазақстанда өз табысын көрсетуге не кедергі болып тұр? - kaz.caravan.kz
  • $ 518.31
  • 567.96
+20 °C
Алматы
2025 Жыл
8 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Беловичке Қазақстанда өз табысын көрсетуге не кедергі болып тұр?

Беловичке Қазақстанда өз табысын көрсетуге не кедергі болып тұр?

Ең бай құрылысшыға Қазақстанда өз табысын көрсетуге не кедергі?

  • 3 Сәуiр
  • 3226
Фото - Caravan.kz

«Базис-А» құрылыс холдингінің негізін қалаушы Александр Белович пен оның бұрынғы жары Лилия Аношина арасындағы қылмыстық даудың барысы соның ішінде ҚР мәжілісінің сұрауы бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының бақылауына алынған.

Бұл туралы Астана қаласында Аношинаның қызы Лара Эртл өткізген баспасөз мәслихатынан кейін белгілі болды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Лара Эртл, Австрия азаматшасы ретінде, Австрия елшілігінің қолдауымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көмек сұрап жүгінді. Оқиға бұрынғыдай: үш әйелдің – Лилия Аношина, оның анасы Лариса Аношина және Alfa Stom клиникасының директоры Татьяна Белованың – Қазақстанның ең бай адамдарының бірі, «Базис-А» құрылыс холдингінің негізін қалаушы Александр Беловичпен байланысулары сәтсіз болды. 

Бұл ретте, дәрігер және Alfa Stom клиникаларының негізін қалаушы Лилия Аношина Қазақстанға оралудан қорқады. Өйткені, ол өзін дереу қамауға ала ма деп сескенеді. Ал Татьяна Белова қазірдің өзінде тоғыз айдан бері тергеу абақтасында отыр. Оған басқа елде және басқа мемлекеттің азаматына қарсы алаяқтық жасады деген айып тағылған.

Лара Эртл үшін оқиға тарихы 2017 жылы өзінің отбасымен, яғни анасы Лилия Аношина мен өзі сол кездері әке деп атаған өгей әкесі Александр Беловичпен Францияға барған саяхаты кезінде басталған.

«2017 жылы Александр Белович маған сый жасады. Францияның Лазур жағалауынан үй сыйлады. Ол кезде мен енді 18 жасқа толған едім. Мен оны шын жүректен жасалған сыйлық деп ойладым. Кейін белгілі болғандай, барлығы мүлде олай емес екен», — деп айтты Лара Эртл.

2019 жылы Белович пен Аношина ажырасқаннан кейін, бұрынғы өгей әкесі сыйлығын қайтаруды талап етті. Бірақ үйді емес, 12 миллион еуро көлемінде ақша сұрады. Қалай болғанда да, сол кезде сыйлық үй сатып алу үшін қарыз ретінде рәсімделген. Ол компанияға берілген. Оның 99%-ы өгей қызының атына, ал қалған 1%-ы оның анасы Лилия Аношинаның атына рәсімделген”, — дейді адвокат Сауле Кобжанова.


Әйелдер оған үйді қайтаруды ұсынды. Бірақ өгей әкесі бас тартып, тек ақша талап етті. Себебі қарапайым: егер ол мүлікті алса, оны декларациялап, люкс салығын көп төлеуге тура келер еді. Сондай-ақ, Қазақстанның салық органдарына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке А.Беловичтің мұндай ақшаны қайдан тапқанын түсіндіруі керек болатын еді.

Негізінен, ақшаның қайдан келгені ешкімді таң қалдырмайды. Александр Белович Қазақстанның ең ірі құрылыс компаниясы «Базис-А»-ның иесі. Қазір қоғамның назарын аударатын дау үшін ең қолайлы сәт емес. Дәл қазір үкіметте люкс салығының мөлшерлемелері қызу талқыланып жатыр. Жақында ғана Қаржы министрлігі құрылыс компанияларын, оның ішінде «Базис-А»-ны, табыстарын жасыруда деп айыптаған болатын. Бұл жерде тек табысты жасыру ғана емес, сонымен қатар, Л. Эртлдың заңгерлері  атап өткендей, ақшаны елден заңсыз шығару қаупі бар.

Франциядағы даулы виллаға қатысты сот ісі бес жыл бойы жүріп жатыр. Несие берушіге ақша беру үшін бұл үйді сатып, ақшаны алу да Аношиндер отбасының қолынан келмейді. Себебі, Александр Беловичтің өтініші бойынша мүлікке сот шешімімен бұғат қойылған.

Франциядағы соттар өз тәртібімен жүріп жатыр. Ол жақта Аношиндер өздерінің ұстанымдарына сенімді. Ал Қазақстанда бәрі мүлдем басқаша өрбіді.

«2024 жылы жазда біздің жанжалымызға үшінші бір адам қосылды. Ол — менің бұрынғы күйеуім Владислав Лихачёв. 2019 жылы мен ата-анамның ажырасуы себебінен қатты күйзелдім. Бұл адам қасымда болды. Ол бізде не болып жатқанын, соттағы ұстанымдарымызды біліп, барлық құжаттарымызды көрді. Ол бізбен бірге анамның үйінде тұрды», — деді Лара Эртл.

Бірақ төрт жылдан кейін Лара оның қандай іспен айналысатынын білген соң, ажырасуға шешім қабылдайды.

«Бұл уақытта мен ол туралы көп қорқынышты деректерді таптым. Оның алаяқ екенін, елдегі адамдарды ғана емес, біздің ортақ таныстарымызды да алдайтынын түсіндім. Мұның мен үшін қандай салдары болатынын ұғындым. Ал ол біздің француз сотындағы барлық соттық ұстанымымызды суретке түсіріп, үйге қатысты құжаттарды жинап, бәрін Алматыға алып барып, менің өгей әкем Александр Беловичке ресми түрде жұмысқа тұрады. Сол уақыттан бастап бізді үш елде – Қазақстанда, Ресейде және Францияда бопсалай бастады», — деді Эртл.


Формальды түрде Владислав Лихачёв – мобилизациядан қашқан релокант. Бірақ ол бұрынғы серіктестеріне де қарыз. Сонымен қатар, ол адамдарды әзіл мен ойын түрінде алдайтын қызметтерді сататын «Колл-прикол» сайтының иесі.

Лара Эртлдің пікірінше, бұл кәсіби алаяқ адам Лилия Аношинаны қаралап, оның абыройына нұқсан келтіруге кіріскен. Алдымен В. Лихачёв өзінің бұрынғы енесін алаяқтық деп айыптап, оның өзіне тиесілі көліктерді ұрлап алғанын айтты. Бірақ, бұл көліктер Қазақстанда емес, Ресейде, Мәскеуде болған. Ал тергеу Қазақстанда жүргізіліп жатыр.

Содан кейін Александр Белович тергеуге оны өліммен қорқытқан электронды хаттарды ұсынды. Бұл хаттардың авторы ретінде ол өзінің бұрынғы әйелін, Лилия Аношинаны атады.

Алайда, назар аударатын бірнеше жайттар бар. Хаттар proton.me пошта қызметінен жіберілген. Бұл қызметті өзінің аты-жөнін жасыруды қалайтын адамдар пайдаланады. Адвокат Сауле Кобжанованың пікірінше, бұл Лилия Аношина хаттардың авторы дегенге күмән тудырады. Неліктен қорқытып, үркітіп хат жазып, оларды қорғалған пошта жәшігі арқылы жіберіп, өз атымен қол қою керек? Қарапайым пошта жәшігін қолдану әлдеқайда оңай болмас ма еді?

Хаттар дөрекі және әдепсіз тілмен жазылған. Дәл сондай тіл мен сөздерді В. Лихачев  өз «әзілдерінде» қолданады. 

“Мен оның мұны қалай жасайтынын жақсы білемін, өйткені ол маған оны бірнеше рет көрсеткен. Ол қарыз алған адамдардан ақша алудың осындай әдісін қолданатынын айтып, әзілдеген болатын. Ол Telegram және түрлі пошталар арқылы адамға қалай жала жабуға болатынын көрсетті. Мысалы, фейк аккаунт ашып, оны кез келген атпен тіркеп, содан кейін сол аккаунттан басқа адамдарға қорқытып хаттар жібере алады. Осылайша, адамдар ол адамды айыптап, арыз жазады. Соңында ол адам шынымен де қиындықтарға тап болады”- дейді Лара Эртл.

“Ол дәл сол әдісті бізге қарсы қолдана бастағанда мен қатты таң қалдым. Ол менің анамның және менің фейк аккаунттарымызды жасады. «Менің» аккаунтым тез тоқтатылды. Өйткені мен Австрия елшілігіне жүгіндім. Олар маған бұл жағдайда қалай әрекет ету керектігін өте анық түсіндірді, және маған қатысты фейк аккаунтты тоқтады. Бірақ «Alfa-Stom» клиникасының атқарушы директоры Татьяна Белованың, анамның жағдайында бұл тек күшейе түсті. Нәтижесінде тек фейк аккаунттар мен фейк хаттардың негізінде Татьяна Белова мен анама қарсы қылмыстық іс қозғалды», — дейді ол.

Қазақстанда тергеу жүріп жатқан уақыт ішінде сот бұл хаттар бойынша «дәлел» болатын ешбір ресми сараптамаға қол жеткізе алмаған, делінген мәлімдемеде. Лихачев пен Беловичпен бірде-бір бетпе-бет кездесу өткізбеген. Сот үш рет жеке анықтамалар шығарғанымен, онда мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заң бұзушылықтарына назар аударылды.

– В. Лихачевтің Қазақстан аумағында болуы елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді, себебі оның «Колл-прикол» платформасы біздің қазіргі құбылмалы уақыттағы жағдайымызда бірнеше секундта елдегі жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін. Біз ұлттық қауіпсіздік органдарына тиісті шағымымызды жолдадық, – деді Сауле Коюжанова.

– Негізінде, бұл Лихачевтің компаниясының ең сәтті «ойыны» мен пранкі. Сонда біздің еліміздің жоғары бағаланған киберқауіпсіздігі қайда деген сұрақ туындайды? «Мұндай «мамандардың» көмегімен ертең кез келген адам қылмыстық істің фигурантына айналуы мүмкін», – деп санайды адвокат. – Адамдардың дауыстарын қолдан жасап, қорқытып және бопсалап, хаттарды немесе қажетті мазмұндағы контентті ойдан шығарады.

Ал мұның барлығына ішкі істер департаментінде арызы Лихачевтің арызымен біріктірілген Белович қалай қарайды? Бұл екеуінің байланысы қандай? Олигархтың атымен байланысты процесс үш елге таралып, Қазақстан үшін айқын халықаралық қауіптер туындатады. Мүмкін, еліміздің бас құрылысшысының канадалық азаматтығы мәселесі де әлі шешілмегендіктен ол бұған алаңдамайтын да шығар. Барлық жауап та осы жерде тұрған сияқты.