Сәуір айында елімізде бензин бағасы біртіндеп өсуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, баға күрт көтерілмейді, өйткені жанар-жағармай нарыққа шыққанымен, мемлекет оны бақылауда ұстайды. Демек, баға кезең-кезеңімен, біртіндеп өседі, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұл қадам мәжбүрлі болып саналады. Себебі, қазір Қазақстандағы арзан бензиннің игілігін көрші елдер де көріп отыр. Арнайы сараптамаларға сәйкес, баға айырмашылығы кемі 1,5 еседен асатын Ресей мен Қырғызстан азаматтары отандық отынды заңсыз тасуға бейім. Сол себепті қолданыстағы шектеулерді қайта қарастыру қажеттілігі туындап отыр.
«Отандық компаниялар өнімін экспорттық құны 100 доллар бола тұра, ішкі нарыққа 25 долларға сатып жатыр. Бұл, әрине, тиімсіз. Себебі, жоспарланған пайдасын ала алмайды. Сондықтан бензин бағасын нарыққа жіберу қажет. Қазіргі таңда көрші елдермен салыстырғанда жанармай құны арасындағы айырмашылық 40 пайыздан 160 пайызға дейін жетіп отыр. Нәтижесінде мемлекет қыруар табысынан қағылып қана қоймай, көрші елдерді де субсидиялап жатыр», — дейді сарапшы Нұрлан Жұмағұлов.
Бағаны нарықтық жағдайға сәйкестендіру – компаниялардың жоспарлы пайдасын қамтамасыз ету және заңсыз тасымалдардың алдын алу үшін маңызды. Сарапшылар бағалардың біртіндеп өсуі халық үшін күрт ауыртпалық болмайтынын айтады, ал мемлекеттің бақылауы бұл үдерісті реттеп отырады.