"Биыл бензин мен дизель отынының бағасын өзгертуге негіз жоқ. Сондықтан қауесет, жалған ақпарат, алып-қашпа әңгімелерге ермеңіздер. Біз ешқандай бағаны көтерейін деп жатқан жоқпыз. Соның ішінде акциздерді өзгертпейміз. Нүктесі осы. Егер бағаны көтеретін болсақ, шағын литражды көлік салығын алып тастау керек. Бұл біздің ұсынысымыз. Сол кезде қозғалтқыш көлемі үшке дейінгі көлік жүргізушілері көлік салығын төлемейтін болады. Егер бензин акцизінің деңгейі өссе, әрине, бензин бағасы да өсуі мүмкін", — дейді Бозымбаев.
Оның айтуынша, Әділет министрлігі Энергетика министрлігімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және Қаржы министрлігімен бірлескен бұйырықты тіркеуден өткізді. Онда ашық түсті мұнай өнімдерін және өзге мұнай өнімдері түрлерін Қазақстан аумағынан автомобиль көлігімен шығаруға шектеу шаралары қарастырылған.
"Енді бензин, дизель отыны және басқа да жанар-жағармай түрлерін автоцистерналармен Қазақстаннан тыс шығаруға тыйым салынады. Мұндай шектеу шаралары транзиттік автобустарға да қатысты болады", — дейді министр.
Сондай-ақ отын құятын қосымша бактар қойылған жүк көліктері де тиісті жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
"Себебі көптеген жүк көліктері және транзитті автобустар отынды шетке шығару үшін жаңа қосымша бактар орнатады. Соған байланысты енді тиісті шектеу шаралары іске асырылмақ", — деді Бозымбаев.