Атап айтқанда, бүгін Фейсбук пайдаланушысы Автомобилистерге жәрдемдесу (ОСА) қоғамының парақшасында «Гелиос» жанармай құю бекетінің бірінде станса жабдығы бензиннің орнына «ауаны» құйып жатқаны туралы бейнежазбаны жариялады. Ұялы телефонмен түсірілген бұл видеода «Гелиос» компаниясының таңбасын айқын байқауға болады. Сонымен қатар стансадағы бензин құю пистолетінен жанармай ақпай жатса да, есептегіш құрал құйылған бензиннің мөлшерін, сәйкесінше төленетін ақыны көрсетіп тұрды. Мұнымен қоса, Фейсбук пайдаланушылары бұл жанармай құю стансасы Астанада орналасқанын атап өтуде.
«Мен бейнетүсірілімнің авторы емеспін. Оны маған әлеуметтік желі арқылы жіберді. Өз кезегімде мұны жұртшылықпен бөлісуді жөн көрдім. Халық осындай жағдайларды білуі тиіс», — деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Эльдар Болатұлы есімді Фейсбук пайдаланушысы.
Осы оқиғаға байланысты «Гелиос» компаниясының Алматыдағы орталық кеңсесінің қызметкері Дәулет Сансызбай тексеру басталғанын айтты. «Мен осы мәселеге байланысты жауап беруге құзыретті емеспін. Дегенмен, аталған бейнетүсірілімге байланысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр», — деді ол «ҚазАқпаратқа» берген жауабында.