Онда ұлтымыздың тарихы, мәдениеті және өнері паш етіліп, «Қазақ кітапханасы» жобасы шеңберінде неміс тілінде басылып шыққан Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының таныстырылымы болды.
ГФР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Willkommen in Berlin» (Берлинге қош келдіңіздер) дипломатиялық клубымен бірлесе өткізілген игі шара герман қоғамының қызығушылығын оятты. Оған 100-ден астам адам қатысты.
Өзінің құттықтау сөзінде ГФР-дағы ҚР елшісі Нұрлан Оңжанов меймандарды Қазақстанның бай мыңжылдық тарихымен және мәдениетімен таныстырды. Оның айтуынша, Қазақстан ежелден Батыс пен Шығыс арасындағы көпірге айналып, Ұлы Жібек жолында да маңызды орынға ие болды. «Бүгінгі таңда біз осы тарихи рольді қайта жаңғыртып және аймақтың ірі іскер және транзитті хабына айналуды мақсат тұтып отырмыз», — деп атап өтті қазақстандық дипломат.
Шараның қатысушыларына Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында сипатталған Қазақстанның тарихы баяндалды. Меймандар ұлттық өнеріміздің әралуандығына көз жеткізіп, біздің мемлекетіміздің бай мәдени мұрасын бағалауға мүмкіндік алды.
Таныстырылым соңы меймандар мен қатысушыларға арналған ұлттық тағам ұсынылған салтанатты қабылдауға ұласты.