Жұрттың жағасын ұстатқан қылмыстық істің материалдарына қарағанда, Иманқұлов жүкті әйелі мен 4 жасар ұлын тұншықтырып өлтіріп, ал ұйқыдағы ағасы мен әпкесін және 9 жасар жиенін пышақтап тастаған. Кейін өзіне де суық қару сұғып үлгерген ер адамға шұғыл ота жасалған болатын. Қанды оқиғаға дейін күдіктінің жүріс-тұрысынан өзгерістерді байқаған туыстары оның күйзеліске түсуіне жұмыстан қуылғаны себеп дейді. Ол бұған дейін Ұлттық гвардияда қызмет еткен. Медициналық сараптамалар бойынша ақыл-есі ауысқан деп танылған сотталушы бүгін қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Әскер Анапинов, Павлодар облыстық прокуратурасы оныншы басқармасының прокуроры:
— Барлық сараптамалар жүргізілді. Иманқұловтың қылмысты жасағаны толығымен дәлелденді. Созылмалы психикалық ауруға шалдыққандықтан, ол енді арнайы мамандардың жіті бақылауында болады. Егер денсаулығы түзелсе,қылмыстық іс қайта қаралады.