Бұл жүздесулер шынайы эмоцияға, ризашылық пен атқарылған іске деген мақтаныш сезімге толы, ерекше әсерлі өтті.

Алғашқы аялдама Шымкент қаласындағы «Қамқорлық» ерте араласу орталығы болды. Бұл елімізде ашылған алғашқы пилоттық орталық. Аталған орталықтың бес жыл бұрынғы нәтижелі жұмысы Қазақстан бойынша ерте араласу жүйесінің іргетасын қалады. Бүгінде республика көлемінде 20 орталық жұмыс істеп, бүлдіршіндерге қызмет көрсетіп отыр. Шымкенттегі орталық бес жыл ішінде 1461 бала қабылдап, 414 балдырған дәл осы жерде алғашқы қадам жасады.

Сапарымызды Тараз қаласында жалғастырдық. Мұндағы «Қамқорлық» оңалту орталығы аумағы мен қамтылған бала саны бойынша ең ірі орталықтардың бірі. Бес жыл ішінде орталықта 8844 балаға көмек көрсетілді. Соның ішінде 860 бала алғаш қадам жасап, 1110 бала сөйлеуді үйренді. Бұл жетістіктер орталық мамандарының күнделікті еңбегі, зор жауапкершілігі мен жоғары кәсіби біліктілігінің айқын нәтижесі.

Кездесу барысында орталық ұжымын құттықтап, бала мен отбасының өмірін өзгерткен еңбегін бағалап, кәсібіне адалдығы мен қомақты үлесі үшін алғыс хат пен сыйақы табыстадық.

Бес жыл – бұл жай ғана уақыт межесі емес. Бұл мыңдаған тағдыр, алғашқы жетістік пен таңдалған жолдың дұрыстығына деген берік сенім.

