Нұр-Сұлтан қаласындағы білім беру ұйымдарына қойылатын карантиндік талаптар туралы астананың мемлекеттік бас санитар дәрігерінің қаулысына өзгерістер енгізілді.
Бұл туралы Caravan.kz порталы sputnik.kz-ға сілтеме жасап хабарлады.
Құжатқа сәйкес, жалпы білім беретін мектептердегі 1-5 сынып оқушылары – кезекші сыныптарда, ал халықаралық мектептердің 1-7 сынып оқушылары дәстүрлі білім алуды жалғастырады. Кезекші сыныптардағы оқушылар саны 15 баладан аспауы тиіс.
Балалардың кезекші сыныпта білім алуы ата-аналардың жазбаша түрдегі өтініші негізінде жүзеге асырылады.
Егер дәстүрлі форматта оқитын оқушылар арасында коронавирустық инфекцияның жағдайы анықталса, барлық сабақ онлайн режимде білім алуға ауыстырылады.
Айта кетейік, қазақстандық бастауыш сынып оқушылары бірінші тоқсанды қашықтықтан аяқтап, 5-14 қараша аралығында күзгі демалыста болды.