Жеңіс жолдарын енді бастап келе жатқан ұжымдағы жас спортшыларымыз болашақатан үміт күттіреді. Қазақ қыздарының да футбол ойынына қызығушылығы күннен күнге артып келеді
Айта кетсек, құрама тұңғыш рет 1995 жылы бас қосты. 2002 жылға дейін Азия футбол Конфедерациясына мүше болып, 2002 жылдан бері УЕФА туы астында сынға түсіп келеді. Әзірше әлем және Еуропа чемпионаттарына және жазғы Олимпиада ойындарына қатыспаған.
.
Жас спортшылардың бірі Ұлттық құраманың және «Томирис Тұран» құрамасының қорғаушысы Бибігүл Нұрышева спортқа келу тарихы мен Қазақстанда әйелдер футболының жай-күй және басқа да сұрақтар төңірегінде Caravan.kz порталының тілшісіне сұхбат берді.
— Бибігүл, ең алдымен өзіңіз туралы толық айтып өтсеңіз. Отбасы құрғансыз ба?!
— Мен Бибігүл Байдалықызы 1994 жылы екінші сәуірде Ақмола облысы, Ортақ ауданында дүниеге келгенмін. Қысқа да нұсқа айтып өтейін. Қазіргі таңда бір ұлым бар, бірақ тұрмыста емеспін.
— Футболға қанша жасыңыздан бастап қызықтыңыз?!
— Кішкентайымнан қызығатынмын, балалар өздері ойнап жүргенде қарап қызығып отыратын едім. Кейіннен 10 жасымда бір күні көшеде балалар футбол ойнап жүргенде мен де ойнап көруге шешім қабылдадым. Барып ойнауға ұсыныс жасадым кейіннен өзім жиі-жиі ойнап үйреніп кеттім.
— Ата-анаңыз сіздің бұл спорт түрін таңдауыңызға қарсы болған жоқ па?!
— Иә, әкем қарсы болды баста. Қашып кететін едім үйден, сондағысы футбол ойнау үшін. Сол кезде артымнан ұрысып келетін еді әкем. Үйге алып кететін еді қайтадан. Мен кеткім келмейтін. Бірақ амал жоқ, басым салбырап әкеммен кететінмін. Жарыстарға сұрансам жібермейтін еді. Қанша қызықсам да қыз балаға бұл спорт түрі болмайды, бармайсың деп үнемі айтатын. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі үйге келіп, әкемнен мені жарысқа сұрап алып кететін. Өзім сұрансам әкем қарсы болатын. Ал ағайым келсе менің жақсы ойнайтынымды айтып алып кететін еді. Бір емес екі, үш рет келіп сұрағанда ғана жіберетін еді. Әрең дегенде бәріміз жабылып жүріп көндіретінбіз.
— Қанша жасыңызда толыққанды футбол әлеміне ендіңіз?!
— 2009 жылы Астана қаласындағы “Қажымұқан” спорт мектебіне түскелі өзімді футболға толыққанды ендім деп айта аламын. Оған дейін қанша ойнасам да, қызықсам да өзімді толыққанды сезінбеген едім. Сол мектепке кіргелі өзіме сенімім артты. Қызығушылығым еселенді.
— “Оқжетпес” футбол командасының құрамына қалай келдіңіз?!
— 2017 жылы белгілі себептермен футболды тастап кеткен болатынмын. Сол кезде қасымдағы ойнаған, бұрыннан сыйласатын қыздар маған қайтадан футболға оралсаңшы деп айтты. Содан соң өзімнің де бір құлшынысым ашылып, қайтадан ойнағым келді. Содан олар айтты ма білмеймін, бірнеше күннен кейін “Оқжетпес” командасының бапкері маған қоңырау шалып, командаға шақырды. Содан ойланайын дедім, уақыт сұрадым. Біраз уақыттан соң шешім қабылдадым, өз шешімімді айттым. Сол кезден бастап төрт жыл қатарынан ойнап келдім “Оқжетпес” командасында. Қазіргі таңда Түркістан облысында “Томирис-Тұран” деген командасының құрамындамын.
— Жалпы қыз баласы үшін футбол деген жат спорт түрі деп жатады. Сіздің көзқарасыңыз қалай бұған?!
— Жалпы менің қыздардың футбол ойнауына көзқарасым өте жақсы. Иә, кезінде де маған өте көп айтатын. Футболды таста, ол ұлдардың ойнайтын ойыны, қыздарға тән емес деп айтатындар өте көп болды. Тіпті менің отбасымда маған тап солай айтатын. Басқа спорт түрін таңда деп айтатын. Сондай әңгімелерді жан-жағымнан да көп еститін едім. Ал қазіргі таңда, қыздар футболы дамып жатқаннан соң ба білмеймін ондай сөздерді естімеймін. Және де қазір солай деп маған айтса да мән бермеймін.
— Өзіңіз сияқты қыз балалар футболға қызықса, бірақ ата-анасы қарсы болса оларға қандай кеңес берер едіңіз?!
— Менің ата-аналарға айтатын кеңесім қыздарыңыздың қызығушылығына, таңдауына, көзқарасына мән беріңіздер. Немен айналысқысы келсе сомен айналысуға барынша қолғабыс етіңіздер, қолдаңыздар! Себебі ата-ананың қолдауы бала үшін өте-өте маңызды. Егерде күндердің күнінде қыздарыңыз жетістікке жетіп жатса ол сіздердің қолдауларыңыздың нәтижесі деп біліңіздер! Жәй ғана қарсы шықпай қолдаңыз, сонда барып қызыңыз қызыққан спорт түрімен айналысады.
— Бұл құрамаға кіргелі қанша жеңісті қанжығаларыңызға байладыңыздар?!
— “Оқжетпес” командасында төрт жыл бойы ойын көрсеттім. Және сол төрт жыл бойы біз Қазақстан чемпионатында екінші орынды алып келдік. Және чемпионаттар лигасына жолдама алдық.
— Өзіңізді мықты қорғаушылар қатарына жатқызасыз ба?!
— Қорғаушы позициясында қазіргі Ұлттық құрамада және “Томирис-Тұран” командасының сапында ойнап жүрмін. Бас бапкерлердің барынша сенімін ақтауға тырысып жүрмін. Әлі де тырысамын. Өзімді бәрінен мықтымын деп айтпаймын. Бірақ Қазақстанда үздік ойыншылардың қатарына енетініме сенімім мол. Және сол үшін аянбай еңбек етудемін. Өзіме сенемін!
— Әйелдер арасындағы футболдан ең мықты бәсекелестеріңіз бар ма?!
— Орысша айтқанда “Конкурентсіз сапалы нәрсе жоқ” -дегендей, бәсеке барлық жерде бар, және сонымен қатар сапа да бірге жүреді. Қасымда бірге ойнайтын командада Айтымова Айгерім “Ресей” чемпионатында ойын көрсететін Юля Мясникова бәсекелесім деп айтсам болады.
— Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?!
— Болашағымды болжамай-ақ қойсам. Қазіргі бағытым Ұлтық құрамада және Томирис-Тұран командасында ойын көрсету. Чемпионаттар лигасына жолдама алу. Ол үшін еңбек, еңбек және өздеріңіз білетіндей еңбек қажет.