Бұған дейін оппозиция Қырғызстан президенті Асқар Ақаевтың отставкаға кеткенін мәлімдеген. Ал бүгін оппозиция жетекшілері Қырғызстан үкімет басшысы Николай Танаев отставкаға кетті деп хабарлауда. Республиканың жоғарғы басшылығының қайда екені әзірге белгісіз.
Бүгін, 25-наурызда үйлестіру кеңесі үкіметтің жаңа құрамын тағайындамақшы. Республиканың бұрынғы премьер-министрі Құрманбек Бакиев басқаратын кеңес лидерлері ел ішінде тәртіп орнатып, парламент сайлауын қайтадан өткізуге уәде беруде. Сонымен бірге оппозиция басып алған ұлттық телеарна эфирі арқылы Қ.Бакиев ел басшылығы өзгергенімен, Қырғызстанның барлық халықаралық міндеттемелері өз күшінде қалатынын мәлімдеді. Қ.Бакиевтің айтуынша, «ең бастысы, республика аумағындағы ахуалды тұрақтандырып, тәртіп орнату талабы тұр». «Тонаушылыққа жол бергендер жаппай заң алдында жауапкершілікке тартылады»,- деді ол.
Соған қарамастан, Бішкекте тонаушылық өршіп тұр. «Бета строес» атты түрік супермаркеті, «Гоин» атты ірі қытай дүкені мен республика астанасының орталығындағы «Мәдина» базары тоналып, өртелді. «Халықтық» деп аталатын дүкендер желісі де өрттен зардап шекті. Тек өткен тәуліктерде қалада 17 өрт шыққан. Бішкек өртке қарсы күрес қызметінен хабарлауынша, жай күндері мұнда небәрі 2-3 шұғыл шақыру келіп түсетін.
Ауқымды ереуілдер шыққан республиканың оңтүстік аймақтары — Ош пен Жалал-абадта да тонаушылық оқиғалары тіркелуде.