Қор үшін өтіп бара жатқан 2024 жыл – ондаған жоба мен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын іске асыру жылы болды. Қордың іс-шараларына еліміздің барлық өңірінен оқушылар мен студенттер, педагогтар мен ҮЕҰ өкілдері, мәдениет пен ғылым қайраткерлері сынды мыңдаған қазақстандық қатысты.
Жобалардың табысты жүзеге асуына үлкен үлес қосқан серіктестеріміздің қатарында орталық атқарушы органдар, аймақтардың әкімдіктері, қайырымдылық және қоғамдық қорлар және т.б. ұйымдар бар.
БІЛІМ – БОЛАШАҚТЫҢ КІЛТІ
Дарынды қазақстандық жастарды қолдау және білім беру жүйесін дамытуға ықпал ету – Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы «El Umiti» Корпоративтік қорының басты басымдықтарының бірі.
Жыл бойы «El Umiti» жобаларына 7 жастан 29 жасқа дейінгі 960 мыңнан астам бала мен жас қамтылды.
«Qabilet» қызметі мектеп оқушыларының қабілетін диагностикалау және кәсіби бағдар беру жүйесін құру, дарынды балаларды қолдау бағытында жұмыс істейді. Жыл басынан бері қызмет платформасында 8-17 жас аралығындағы 25 079 оқушыға диагностика жүргізілді. Жаңа диагностикалық бағдарламалар мен кәсіби бағдар беру тестілері әзірленіп, енгізілді.
Аймақтардағы мектеп психологтары мен педагогтары оқытылды.
«Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасы жылды табысты аяқтады. Бұл олимпиадаға жыл сайын 6-сынып оқушыларының 60%-дан астамы қатысады. Олимпиада дарынды балаларды анықтап, олардың үздік арнаулы мектептерде білім алуына мүмкіндік береді.
Биыл 83 318 қатысушы тіркелді. Финал қорытындысы бойынша 1 000 жеңімпаз іріктеліп, олардың 380-і дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге қабылданды.
Олимпиадалық қозғалысты насихаттау және оқушылардың білімін тереңдету мақсатында 7-9 сынып оқушыларына арналған «El Umiti Talent» пәндік олимпиадасының күзгі туры өткізілді. Сайысқа 34 982 оқушы тіркеліп, 18 облыстан 64 жеңімпаз анықталды.
2024 жылы 14-18 жас аралығындағы жас таланттарды анықтауға, қолдауға бағытталған «El Umiti» премиясы қолға алынды. Жобаға қатысушылар портфолио әзірлеп, әлеуметтік жобаларды дамытты. 500 қатысушының ішінен 10 адам сыйлықтың лауреаты атанып, грант алды.
2022 жылы басталған «Smart Ustaz» жобасы Қазақстан педагогтеріне кәсіби өсу үшін заманауи құралдарды ұсынады. ҚР Оқу-ағарту министрлігімен 4 жаңа бағдарлама мақұлданып, платформаға орналастырылды, білім беру курстарына енгізу үшін аудиовизуалды материалдар әзірленіп жатыр.
Оқушылардың тарих пәні бойынша білімін тексеру мен арттыруға арналған Қордың «Тәуелсіздік дәуірі» атты білім беру платформасы биыл 1000-ға жуық баланы қамтыды. Ойын бойынша зияткерлік турнирлер өткізілді.
Мектеп бағдарламасы пәндерін меңгеру мен мемлекеттік стандарт бойынша қосымша білім алуда оқушыларды қолдау үшін «Zere» тренажер-қосымшасы әзірленді.
«Kazakhstan Sociology Lab» әлеуметтанушылар мектебі әлеуметтану саласындағы білімді арттырып, деректермен жұмыс істеу және цифрлық технологияларды қолдану дағдысын дамытады. Қазақстан мен шетелдік жетекші сарапшылардың қатысуымен қолға алынған мектеп бағдарламасына 94 өтінімнің 40-ы мақұлданып, 38 адам мектепке қабылданды.
2024 жылы «Debat Eli» қоғамдық қоры ұлттық және халықаралық деңгейде зор жетістіктерге жетіп, Қазақстанда пікірталас қозғалысын дамытып келеді. Қор «El Umiti Cup 2024», парламенттік пікірсайыс бойынша Қазақстан чемпионаты, «Tungysh Cup 2024» атты пікірсайыс турнирлерін ұйымдастырды. Оксфорд қоғамдастығымен және «Open Communication» ұйымымен серіктестік туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстанның бірегей мәдени мұрасын дәріптеу – «El umiti» КҚ маңызды бағытының бірі. «Aitys» бағдарламасы аясында «Aitys Club» жас ақындар қауымдастығы құрылып, «Қола домбыра – 2024» республикалық айтыс та өткізілді.
Ұзақ жыл бойы Нұрсұлтан Назарбаев Қоры үздік студенттерге атаулы шәкіртақы беріп келеді. 2010 жылдан бері 999 студент осы стипендияның иегері атанды. Биыл байқауға 224 студент қатысып, оның 40-ы марапатқа ие болды.
«Роботек» мектебімен бірлесіп қолға алынған «Ozyq urpaq» ауқымды жобасы аясында оқушыларға робототехника курстарын ұсыну мен мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында 15 мектептің 750 оқушысы қамтылды. Бұл жоба Өскемен, Ақтөбе және Орал қаласында жүзеге асырылды. 2022 жылдан бері Жезқазған, Семей, Ақтау, Қостанай және Қызылорда сынды тағы бес қала қосылып, 25 мектептен 1 900-ге жуық оқушы білім алды.
Қор жанындағы Тұңғыш Президент музейінің жұмысы жаңаша жолға қойылды. Бүгінде мұнда Тұңғыш Президенттің өмірі мен қызметінің кезеңдері, Қазақстан тәуелсіздігінің тарихына арналған кең көлемді архив құжаттары, фотосуреттер, бейнематериалдар мен экспонаттар жинақталған. Музей төл тарихты тереңірек танып, өскелең ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік сезімін нығайтуға септігін тигізеді.
ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
Ел бойынша балаларға арналған оңалту орталықтарын ашуды мақсат тұтқан «Қамқорлық» жобасының рөлі мен маңызы зор.
Жоба 2019 жылдан бері «Қамқорлық» қорының, өңір әкімдіктерінің, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ және «Қазақстан халқына» қорының бірлесуімен жүзеге асырылып келеді.
Жоба қолға алынған 5 жылда өңірлерде 17 оңалту орталығы, аутизмге шалдыққан балаларға арналған 7 орталық, 17 ерте араласу орталығы, мектеп жанындағы инклюзияны қолдау бойынша 16 кабинет ашылды.
Заманауи жабдықтар мен үздік әдістемелерді қолдана отырып, арнайы оқытылған мультидисциплинарлық ұжым еңбегінің арқасында балалардың жағдайының айтарлықтай жақсарғаны байқалады.
Орталықтар ашылғалы бері 51 585 бала кешенді, тегін әрі сапалы оңалту көмегін алды. Оның ішінде 4 455 бала алғаш рет өздігінен жүре бастады.
ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАР – ҚОР ҚЫЗМЕТІНІҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІ
Әлеуметтік бастамаларды қолдау және халықтың осал топтарына көмек көрсету – бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтатын маңызды бағыт.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры үшін де бұл маңызды басым бағыттың бірі.
Әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жатқан белсенді қазақстандықтарды қолдау үшін Қор жыл сайын Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесін өткізеді. 20 жыл ішінде инклюзияны, білім беруді, мәдениетті, спортты және т.б. дамытуға бағытталған 300-ден астам жоба Жәрмеңке жеңімпазы атанды.
Биылдың өзінде байқауға 116 өтінім келіп түсті. 10 ҮЕҰ әрқайсысы 3 млн. теңгеге дейін грант иеленді.
Аймақтарда өткізілген Қор күндері аясында да ҮЕҰ жобаларын қаржыландыру жалғасып, 2,5–3 миллион теңге көлеміндегі сертификаттар табысталды.
Өңірлерде «Qolqanat» қайырымдылық акциясын өткізудің арқасында кері байланыс орнап, көптеген пікірді оқыдық. 4 жыл ішінде «Madeni Qazyna Qory» қоғамдық қорымен бірлесіп 7000-ға жуық көпбалалы, аз қамтылған және ерекше қажеттілігі бар адамдардың отбасыларына көмек көрсетілді. Биыл 2000 отбасына азық-түлік пен гигиеналық тауарлар жеткізілді.
Бұған қоса, Қор әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған шығармашылық іс-шаралар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдерді және т.б. ұйымдастыру мен қаржыландыруда тұрақты қолдау көрсетіп келеді.
Қордың осы және өзге де көп жобасы мыңдаған жас қазақстандықтың дарынын ашуға, қолдауға, балалардың денсаулығын жақсартып, жаңа даму жолын табуға және мұқтаж жандарға нақты қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.
Бұл Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жобаларының басты маңыздылығы.