Бұл туралы есепті кездесуде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«12 жылдық оқытуға көшуде «0+11» бірінші бөлігі болады, оны толығымен іске асыруды 2019 жылға белгілеп отырмыз. 0-сынып не үшін қажет? Балалардың жүз пайызы мектепке келгенде дайын болуы керек. Қазіргі кезде өрендердің 85 пайызы мектеп табалдырығын аттағанда әріптер мен сандарды таниды, оқи алады, ал қалған 15 пайызы аз болса да мұғалімдерге салмақ түсіреді. 0-сыныпты мектепте және балабақшада өтуге болады»,-деп тоқталды министр. Осы орайда Сағадиев 0-сыныптың мәні бірыңғай бағдарлама мен оқулықты енгізуге негізделгенін жеткізді.
«Қазір бәрі «Әліппе» қайда кетті деп сұрап жатыр. «Әліппе» 0- сыныпқа базалық оқулық болып барады. Биыл оның бағдарламасы дайын, қанатқақты жоба ретінде балабақша мен мектепте енгізе бастаймыз. Онда 1- сыныптың оқулығы «Сауат ашу» екі жаққа бөлініп, 0- сыныпта «Әліппе» болады, ал 1- сыныпта «Ана тілі» болып қалады. Бізде мыңнан астам балабақша мен мектеп қанатқақты жобаға жазылған. Бұл жұмыстар жақсы нәтиже көрсетсе, келесі және 2019 жылы барлығына таратамыз»,-деді ведомство басшысы.