Дау-дамай мына бейнетаспа дүйім жұртқа тарап кеткен соң басталған. Онда 7-ші сынып оқушылары үлкен балалардан жәбір көргенін айтып, көгерген денелерін көрсетуде. Айтуларынша, шенді-шекпенділердің ерке ұлдары лицейде білгендерін жасаған. Әрқайсысына салық салып, соққыдан құтылғысы келсе стриптиз билететін тәртіп орнатыпты. Жәбір көрген оқушылардың ата-аналары арызданған соң, полиция тергеу жүргізе бастады. Енді әлімжеттік жасағандар мектептен қуылып, тіпті қылмыстық жауапқа тартылмақшы. Ал сорақылыққа көз жұма қарағандарды анықтау үшін білім басқармасының да ішкі тексерісі қарқынды жүріп жатыр екен.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Қарағанды қазақ- түрік лицейіндегі оқиға туралы шешім қабылдадық. Мектептің директоры жұмыстан босатылды. Завучке де қатысты шешім шығардық. Енді осы аптада қазақ- түрік лицейінің басшыларын шақырып, тәрбие жұмысы туралы олармен сөйлесетін боламыз.