Хабарламада атап көрсетілгеніндей, бұл бұйрық Елбасының тапсырмасы бойынша және қосымша келісімге қол қоюға байланысты қалыптасқан ахуалды реттеу үшін шығарылды.
Бұйрыққа сәйкес, білім министрлігінің қаржылық орталығына 2003- және 2004-жылы жоғары оқу орындарын бітірген несиегер-түлектерге және 2005-жылы оқу бітіретін студенттерге хабарлама таратып, 2000-2005-жылдар аралығында несие мөлшерін көтеру жөніндегі қосымша келісімнің күші жойылатындығынан құлағдар ету тапсырылды.
Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының басшылары мен қаржылық орталықтарына 2003-2004-жылдары жоғары оқу орнына оқуға түскен несие алушы-студенттермен арада қол қойылған үш жақты несиелік келісімге қосымша келісім жасасу жұмыстарын доғару жөнінде пәрмен берілді.
ҚР білім және ғылым министрлігінің қаржы департаменті мен қаржылық орталығына жоғары оқу орындарын бастапқы үш жақты несиелік келісімдер бойынша қаржыландыру туралы тапсырма жүктелді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2-желтоқсанда мемлекет басшысы жұмыс бабындағы кеңес өткізіп, онда ҚР білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік білім беру несиесінің мөлшерін арттыру туралы шешімінің заңдылығына қатысты мәселе қаралды. Министрліктің бұл шешімі студенттер мен қоғам тарапынан наразылық тудырғаны белгілі. Ж.Құлекеевтің ақталу үшін алға тартқан аргументтерін жеткіліксіз деп тапқан мемлекет басшысы білім министрлігінің әрекеттеріне көңілі мүлдем толмайтынын білдірді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмысында қателіктерге жол бергені үшін білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеевке сөгіс жариялады.
Кеңес қорытындысы бойынша президент 1999-2003-жылдар аралығында несие алған студенттер үшін мемлекеттік білім беру несиесінің мөлшерін арттыру туралы шешімінің күшін жою туралы тапсырма берді.