Шымкент білім сапасы бойынша республикада соңғы орында. Бұл білім саласындағы дағдарыс па? Caravan.kz медиа порталы тарқатады.
Шымкент Қазақстан өңірлері арасында білім беру сапасы бойынша 20 өңірдің ішінде соңғы орынға жайғасты, яғни 20-шы орында тұр. 70 мектептің ішінде 52-сі аттестациядан өте алмай қалған. Ал еңбек өтілі 20-25 жыл аралығында болған мұғалімдер тестілеуден сүрінген. Мұны қала әкімі орынбасары Сәрсен Құранбек брифингте мәлім етті.
Аталмыш жағдай шұғыл брифинг өткізуге себеп болды. Білім сапасына қатысты айтылған сындарға қала әкімінің орынбасары өз көзқарасын білдірді.
Шымкент білім беру сапасы бойынша 20 өңірдің ішінде 20-шы орында тұр
Сәрсен Құранбек білім беру жүйесіндегі бірқатар маңызды мәселелерді мойындады. Оның айтуынша, оқытудың сапасының төмендігі, білікті мамандардың жеткіліксіздігі, мақсатты мектептердің әлсіз жұмысы өзекті проблема болып отыр.
Ақпан айында шоғырланған мәселелерді шешу мақсатында 40 директордың қатысуымен жиналыс ұйымдастырылған. Нәтижесінде мемлекет қаржы бөлген біліктілікті арттыру курстарына мұғалімдердің қатысуын қамтамасыз етпеген сегіз директорға нақты шаралар қабылданған.
«130 мұғалімнің ішінде, еңбек өтілі 20-35 жыл аралығындағы 55 мұғалім тестілеуден өте алмады», — дейді Сәрсен Құранбек.
Сәрсен Құранбектің сөзінше, оның қызметке келген сәтінен бастап үш мектеп директоры жұмыстан босатылды.
«Мысалы, №33 мектебіне қатысты, ол апаттық деп танылған. Ата-аналар балаларды жарамсыз ғимаратқа көшіруге мәжбүр болғандықтан наразылық білдірді. Тәуелсіз сарапшылар тексеру жүргізіп, мектепті жарамды деп таныды. Осыдан кейін директор өз еркімен жұмыстан босатылды«, — деді ол.
Ал, Кайнарбулақтағы №106 және 12-микрорайондағы №43 мектеп директорлары ұжымдағы жанжалдар салдарынан жұмыстарынан кетті.
Білім деңгейі мен материалдық-техникалық жабдықтау мәселелері тек басы ғана. Тексеріс нәтижелері көңіл көншітпейді. Кейбір мектептерде қарапайым жағдай да жасалмаған.
«28 мектепте балалар сумен қамтамасыз етілмеген, ал 9 мектептің асханалары санитарлық қорытындысыз жұмыс істеп келген. Бұдан әрі не күтуге болады?», — деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары.
Қала білім басқармасының мәліметтері бойынша, қалада 37 мың мұғалім бар. Олардың 26 мыңнан астамы мектептерде жұмыс істейді. Айта кету керек, аттестациядан өтпегендер жұмыстан қуылмайды.