2004-жылдың қазан айының аяғында Алматы қалалық экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі департаментінің қылмыстар мен жемқорлық істерді ашу жөніндегі басқармасына кедендік жүкті еркін айналымға тездетіп шығарып беру үшін пара талап етілгені туралы Алматылық бір кәсіпкер әйелден арыз түскен. Алматы қалалық кедендік бақылау департаментінің екі қызметкері стандартты кедендік тексеру жұмыстарын жүзеге асыру үшін 2500 доллар мөлшерінде пара талап етіп алған. Тергеу шаралары барысында пара алу дерегі расталды. 2-қарашада кеденшілердің үстінен қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде.
2004-жылдың қараша айының басында Алматының тағы бір тұрғыны фискалдық мекемеге шағым түсірді. Оның айтуынша, Алматы қалалық кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері кедендік процедуралар барысында оның декларацияда көрсеткен 30 мың евро көлеміндегі ақшасын контрабанда ретінде тәркілеп алған. Ақшаны қайтарып беру үшін кеденшілер 16 мың евро көлемінде пара талап еткен. Шұғыл іздестіру шараларының барысында Алматы қалалық экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі департаментінің қылмыстар мен жемқорлық істерді ашу жөніндегі басқармасының қызметкерлері талап етілген параны алып жатқан жерінен Алматы қалалық кедендік бақылау департаментінің бас инспекторын ұстады. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, кеденші тұтқындалды, тергеу амалдары жүргізілуде.
С.Асайыновтың айтуынша, екі жағдайда да арыз иелері тарапынан кеден заңнамасын бұзу оқиғасы байқалмаған.
Алматы қалалық экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі департаментінің қылмыстар мен жемқорлық істерді ашу жөніндегі басқармасы 2004-жылдың шілде айында құрылған. Басқарма қызметкерлерінің бұл әшкерелеген алғашқы жемқорлық сипаттағы қылмыстары. Жалпы алғанда 2004-жылдың 10 айында қылмыстар мен жемқорлық істерді ашу жөніндегі басқарма Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлық сипатындағы 68 қылмыстық іс қозғады. Бұл 2003-жылғы тиісті деңгеймен салыстырғанда 4,5 есе артық. 23 қылмыстық іс сотқа жолданды.