Бір топ мәжіліс депутаттары 2003-жылы ең жоғарғы зейнетақы мөлшерін 16350 теңгеге жеткізу үшін зейнетақы жөніндегі заңнамаға түзету енгізуді ұсынды - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бір топ мәжіліс депутаттары 2003-жылы ең жоғарғы зейнетақы мөлшерін 16350 теңгеге жеткізу үшін зейнетақы жөніндегі заңнамаға түзету енгізуді ұсынды

Бір топ мәжіліс депутаттары 2003-жылы ең жоғарғы зейнетақы мөлшерін 16350 теңгеге жеткізу үшін зейнетақы жөніндегі заңнамаға түзету енгізуді ұсынды

Бір топ мәжіліс депутаты "ҚР зейнетақы қамтамасыздығы туралы" заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу " жөніндегі заң жобасын жасау туралы бастама көтеріп, ең жоғарғы зейнетақы мөлшерін қазіргі 9810 теңгеден 2003-жылы 16350 теңгеге, 2004-жылы 17237 теңгеге жеткізуді ұсынды. Бұл туралы бүгін, 15-қазанда өткен қысқаша баспасөз мәслихатында мәжіліс депутаты Шаймерден Оразалинов хабарлады.

  • 15 Қазан 2003
  • 552
Фото - Caravan.kz

Заң жобасы авторларының пайымдауынша, үстіміздегі жылдың жазында үкімет қабылдаған зейнетақы мөлшерін ұлғайту тетігі «ауыр өнеркәсіп саласында еңбек еткен зейнеткерлердің құқығын шектеп отыр. Еңбек үлесі жоғары зейнеткерлердің басым бөлігі зейнетақы мөлшерін арттыру шарасынан соқыр тиын пайда көрген жоқ». Сөйтіп, Шаймерден Оразалиновтың айтуынша, «ауыр еңбек түрімен айналысқан зейнеткерлер мен еңбек сыйымдылығы төмен, еңбек үлесі шамалы салаларда жұмыс істеген зейнеткерлердің ахуалы әділетсіз теңестірілді». Осыған байланысты депутаттардың пайымдауынша, «әрбір зейнеткердің еңбек үлесіне сәйкес зейнетақы мөлшерін өзара айырмашылықта арттыру идеясы шын мәненде жүзеге асқан жоқ».

Ш.Оразалиновтың түсініктемесіне жүгінсек, жоба авторлары қазіргі қолданыстағы «ҚР зейнетақы қамтамасыздығы туралы» заңның 13 және 14-баптарына өзгерістер енгізуді ұсынады. Бұл баптарға сәйкес, ең жоғарғы зейнетақы мөлшері 15 еселенген айлық есеп көрсеткішінен (9810 теңге) аспауы тиіс. Ал депутаттар болса, ең жоғарғы зейнетақы мөлшері еңбек өтілінің 75 процентімен шектеліп, айлық есеп көрсеткішінің 25 еселенген мөлшеріне тең болуы тиіс деген ұсыныс жасап отыр. Соның нәтижесінде бұл өзгерістер қабылданса, ең жоғарғы зейнетақы мөлшерін қазіргі 9810 теңгеден 2003-жылы айлық есеп көрсеткіші 872 теңгені құраған жағдайда 16350 теңгеге, ал айлық есеп көрсеткіші 919 теңге мөлшерінде жоспарланған 2004-жылы 17237 теңгеге жеткізуге мүмкіндік туындайды .
Депутаттардың есебіне жүгінсек, заң жобасын қабылдау — республикалық бюджеттен 19,4 млрд. теңге көлемінде қосымша шығын шығаруды талап етеді.
Палата шешімі бойынша заң жобасы мәжілістің жұмыс жоспарына қамтылды.

Соңғы жаңалықтар